ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысы өтті

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысы өтті

2021 жылдың 23 қыркүйегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысы өтті. Алқа мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі ережелерін қарап, алдағы қыстың мал азығын қамтамасыз ету мәселелерін талдады. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Отырысты ашқан ведомство басшысы биылғы Жолдауда Президент пандемиядан кейінгі кезеңде елдің экономикалық дамуын қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі мемлекеттің іс-қимыл жоспарын ұсынғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын тағы да атап өтіп, сала алдына көптеген міндеттер қойды», - деді министр.

Агроөнеркәсіп кешенінің басты мақсаты – еліміздің халқын негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету.

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мал азығын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан қазіргі жұмыстар туралы баяндады.

Малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Ал малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы 2,6 млн гектар.

2021 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 23,2 млн тонна шөп жиналды. Бұл жоспардың (23,8 млн тонна) 98%-ға орындалғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалды.

Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция көлемін арттыру жөнінде басым міндеттер қойды. Инвестиция тарту елдің экономикалық әлеуетін арттыруда және бүкіл халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқарады.

«Министрлікте инвестиция тарту бойынша жүйелі шаралар қарастырылған. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне салық салудың арнайы режимдері, басым бағыттарды инвестициялық субсидиялау, жеңілдетілген несиелермен және лизингпен қамтамасыз ету сияқты шаралар іске асырылуда», - деп мәлімдеді министр Е.Қарашөкеев.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов хабарлады.

Агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестициялардың жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгеге жетті. Бұл негізгі капиталға салынған инвестициялардың нысаналы көлемінің көрсеткішінен 23%-ға артық.

2020 жылы 202,6 млрд теңгенің 186 инвестициялық жобасы іске асырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында жалпы сомасы 133,3 млрд теңге болатын 113 жоба, өсімдік шаруашылығы саласында 69,3 млрд теңгенің 73 жобасы іске асырылды.

Биыл қаңтар-тамыз айларында агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,3%-ға ұлғайып, (2020 жылдың 8 айында-346,7 млрд теңге) 485,5 млрд теңгені құрады.

«Агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша бекітілген жол карталарына сәйкес 2021-2025 жылдарға жалпы сомасы 4,5 трлн теңге болатын 934 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 133 млрд теңгенің 155 инвестициялық жобасы пайдалануға берілді», - деді Рүстем Құрманов.      

Алқа отырысын қорытындылаған министр Ербол Қарашөкеев Үкімет пен министрлік Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті жағдайларды жасап жатқанын хабарлады.