Мемлекет қой мен жылқыларды сақтандыруды субсидиялайды - ҚР АШМ

Мемлекет қой мен жылқыларды сақтандыруды субсидиялайды - ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК саласындағы сақтандыру құралдарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Өсімдік шаруашылығындағы ылғалдың жетіспеушілігі мен артықшылығынан алқаптарды сақтандыру және мал шаруашылығындағы ірі қара малды сақтандыру бойынша қолданыстағы өнімдерге ұсақ қара мал мен жылқыларды сақтандыру қосылды.

2020 жылдан бері мал шаруашылығында тек сиырларды түрлі тәуекелдерден сақтандыру жұмысы атқарылып келген болатын. Нарыққа ұсақ мал мен жылқыларды толық сақтандыруды қамтамасыз ететін жаңа өнімдер енгізілді. Оған барлық ықтимал тәуекелдер кіреді және салыстырмалы түрде құны да төмен.

Мал аурудан, өрттен, жазатайым оқиғалардан өлсе және ұрылар сойып алса, жоғалып кетсе сақтандыру арқылы шығынды өтеп алуға болатын механизм ұсынылады.

Малды қалыпты түрде сақтандыру аясында фермер малын өз шаруашылығының аумағында ғана түрлі тәуекелдерден сақтандыра алады. Сақтандырудың кеңейтілген түрі форматында фермер малын 5 км радиуста орналасқан көрші шаруашылықтардағы аурулардың өршуінен сақтандырады.

Сақтандыруға жататын бас саны - кемінде 30. Сақтандырылатын мал санына байланысты сақтандыру тарифтерінің әртүрлі деңгейлері белгіленген, мәселен, жылқы үшін - 2,31 – ден 6,46% - ға дейін, ұсақ мал үшін-2,38-ден 6,16% - ға дейін.

«Осы өнімдер бойынша сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау жұмыс жасайды. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыруға және сақтандыру сыйқақысы сомасының 50% - ын субсидиялау арқылы сақтандыру шартын жартылай арзандатуға бағытталған. Осылайша, сақтандыру шартын жасасу кезінде фермер шарт құнының жартысын төлейді, қалған жартысын ол үшін оператор – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төлейді» - деп атап өтті қордың Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Асқар Қалиев.

Жүйеде Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істейді.

Осы тәуекелдерді әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингісі бар Халықаралық қайта сақтандыру компаниясы қайта сақтандыратын болады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсімдер фермердің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы Qoldau.kz платформасында орналасқан Agroinsurance ақпараттық сервисінде жүргізіледі.

Аталған өнімдер бойынша автоматтандыру ішінара болып табылады. Егер, жануар ауырған жағдайда эпизоотиялық қызметтер іс-шараларын жүргізуі керек және олардың нәтижелері жүйеге жүктеледі.