Қызылорда облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтардың мәселесі шешіліп келеді

Қызылорда облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтардың мәселесі шешіліп келеді

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев екі күндік іссапармен Қызылорда облысында жүр. Кеше құрғақшылықтан зардап шеккен Арал ауданының ауылдарын аралап, жергілікті халықпен кездесті. Шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысқан ол ауыл ақсақалдарының өтініш-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жайлы айтып, жұттың зияны тиген жұрттың сұрағына жауап берді.

Ал, бүгін Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралады. Алдымен Жалағаш ауданындағы «Байтабын» шаруашылығының шөп жинау дайындығымен танысса, одан кейін Сырдария ауданындағы жоңышқа егетін «Мағжан және К» серіктестігінің жұмысын бағамдады. Шиелі ауданына жеткен Ербол Қарашөкеев Арал ауданына көмек ретінде шөп жөнелтіп жатқан «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысымен кездесіп, құрғақшылықтан зардап шеккен ауданға көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді. Айта кетейік, министрдің міндетін атқарушы ат басын бұрған шаруашылық басшыларының бәріне биылғы құрғақшылықтан сабақ алу керектігін және мал азығы қорын жинау күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін тағы еске салды.

«Өздеріңіз білесіздер, Арал ауданының шаруалары биыл құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Біздің қолға тиген дерек бойынша, 559 бас мал шығын болған. Осыдан кейін аудан әкімдігінің төтенше жағдай жариялауына тура келді. Қазір мәселе ретімен шешіліп келеді. Облыстың бес ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан мал азығы жеткізілетін болды. Ол үшін келісім жасалды. Мен жергілікті билікке осы мүмкіндікті пайдаланып, тез арада мал азығы қорын жинап алуды тапсырдым. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің резервінен 250 млн теңге бөлінді, оның 49,5 млн теңгесі шөп таситын көлік шығынын көтеруге жұмсалады. Жалпы, бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады», - деп түйді шаруашылық басшыларымен кездескен Е.Қарашөкеев.

Жалпы ауданда мал суаратын құдықтар салу және су бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Айтпақшы, су мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілмек.

«Өткен аптада Қазақстан мен Тәжікстан Премьер-Министрлері Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша бірлескен іс-қимыл туралы уағдаласқанын хабарлады. Қазақстан Тәжікстан су қоймасынан қосымша су жіберу жөнінде келісті», - деп хабарлады Ербол Қарашөкеев.

Тағы бір маңызды мәселе – мал азығына сұраныс артқан сайын оның бағасының да күрт көтерілуі. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. Бағаның өсуіне тасымал шығыны да әсер етті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша Үкімет деңгейінде проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін шаралар қабылданатын болады. Е.Қарашөкеевтің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдауға арнайы жеңілдік беретін болды.

«Бүгінгі күні облыста 347 мың тонна мал азығы дайындалды, бұл қажеттіліктің 45%- ын құрайды. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылды. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл Ел» студенттік отрядынан жастар да көмекке келіп жатыр. Мыңға жуық адамның қатысуымен 114 бригада құрылып, 170 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды», - деді ведомства басшысы.

Осы тұста айта кету керек, Арал ауданына бизнес өкілдері де қолұшын созып жатыр. Мәселен, белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың Қоры бөлген қаржы аудандағы мыңнан астам аз қамтылған отбасының малына жем сатып алуға жұмсалды. Осы сияқты көмектер әлі де жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е.Қарашөкеев Қызылорда облысына жасаған сапарының соңында Жаңақорған ауданындағы алма бағын баптап отырған «Жан-Арай» серіктестігіне, құс шаруашылығымен айналысатын «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы құрылысының барысымен және мал шаруашылығымен айналысатындарға жем-шөп дайындайтын «Нұрбол И» шаруашылығының жұмысымен танысты.