Фермерлер 2021 жылға арналған құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасай бастады

Фермерлер 2021 жылға арналған  құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасай бастады

Фермерлер егіс алқаптарын ылғалдың жетіспеушілігінен биыл 15 сәуірге дейін онлайн режимде сақтандыра алады. 

 

Сарапшылар биыл еліміздің көптеген өңірлерінде құрғақшылық болады деп болжап отыр. Көктемнің соңы мен жаз айының басындағы топырақ ылғалының жетіспеушілігі еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болады. Сондықтан, құрғақшылықтан сақтандыру – өсімдік шаруашылығымен айналысушыларды қолдаудың маңызды шараларының бірі.

2020 жылдың басынан бері өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру ерікті түрде жүргізіліп келеді. Енді фермерлер өз тәуекелдерін қаншалықты төмендету керектігін өздері шешеді. Өз бизнесін сақтандырған егін шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, сақтандыру полисі құнының 50%-ы субсидия ретінде төленеді.

Ең бастысы – «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан www.qoldau.kz платформасына электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен тіркелу керек. Осылайша, фермерлер еккен егінін сақтандыру үшін алқаптарды, компанияны, сақтандыру сомасын таңдауға, сондай-ақ күн сайын платформадағы жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін қадағалауға мүмкіндік алады.

    Сақтандыру жағдайын анықтауда адами фактор алынып тасталғаны да үлкен маңызға ие. Сақтандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайды. Бұл – сақтандыру төлемдері механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Агроөнеркәсіп кешені саласындағы сақтандыру операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры фермерлерді қолдау үшін және саланың тұрақтылығы мен табысты болуы үшін сақтандыру мәдениетін дамытады», - дейді Қордың басқарушы директоры Асқар Қалиев. - Өткен жылы 56 ауыл шаруашылығы тауарын өндіру егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырған. Фермерлер алған сақтандыру төлемі 535 млн теңгені құрады. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда». 

Ылғал тапшылығынан сақтандыру бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші кезең - 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшінші кезең - 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралықты қамтиды.

Осыған байланысты, фермерлер алқаптарды қандай кезеңдер бойынша сақтандыратынын өздері таңдайды. Мониторинг жүйесінде әр кезең бойынша сақтандыру жағдайы іске қосылатын өз триггерлері қойылған.

Құрғақшылықтан сақтандыру тарифі сақтандыру сомасының 3,2 - 4,8%-ын құрайды. Ал ылғалдың артық болуынан сақтандырғанда 3,2%-ы шегінде белгіленген.

Сақтандыру сомасын есептегенде фермер егіс алқабының бір гектарына сақтандыру сомасын өзі анықтайды. Ол – 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Содан кейін сақтандыру компаниясын таңдайды және сақтандыру құнының 50%-ын төлейді. Қалған соманы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төлейді.

Айта кетейік, егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлері сақтандыра алады.

Сақтандыру шартына сәйкес, сақтандыру жағдайы туындаған сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасалады.

 «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі