Ақмола облысында балық өсіру және өңдеу кешені іске қосылады

Ақмола облысында балық өсіру және өңдеу кешені іске қосылады

Ақмола облысында бахтақ пен бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, өңдеуге, сондай-ақ аквашаруашылыққа арналған арнайы жем өндіруге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Poseydon» серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны – 7 млрд теңге.

Осы ретте кәсіпорын аумағында Құрылтай депутаттары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері қатысқан көшпелі кеңес отырысы өтті.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі елімізде балық өсіруге арналған арнайы жем өндіру. Өндірістік цех сағатына 5 тонна жем шығаруға қауқарлы. Ал жылдық өндірістік қуаты 25 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Отандық жем өндірісін жолға қою балық өсіру шаруашылықтарын сапалы жеммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және саланың өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Кешен 2027 жылы іске қосылмақ. Онда 87 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Инвестициялық жобаның жүзеге асуы өнеркәсіптік балық өсіру ісін кеңейтіп, тауарлы балық өндіру көлемін арттыруға және оны терең өңдеу саласын дамытады. Сонымен қатар отандық жем өндірісінің қалыптасуы валюта бағамының құбылуы мен логистикалық шектеулердің өнімнің өзіндік құнына әсерін азайтуға септігін тигізеді.

Жалпы, жоба Қазақстандағы аквашаруашылықты дамытуға және жем өндіруден бастап балық өсіру мен оны өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған.

Бұл еліміздің балық шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарын қамтитын маңызды бастама саналады.