
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы 2026 жылғы Дүниежүзілік азық-түлік форумы аясында (World Food Forum) Рим қаласында жұмыс сапары аясында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) басшылығымен және жауапты бөлімшелерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Онда «Қазақстан – ФАО» әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
ФАО Бас директорының көмекшісі, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі, сондай-ақ ұйымның Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Виорел Гуцуамен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелерін саралап, одан әрі дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Ермек Кенжеханұлы әріптестік бағдарламасы аясында жобалардың қолға алына бастағанын, олардың Қазақстанның аграрлық саласын дамытуға тың серпін беретінін жеткізді.
Сондай-ақ тараптар ФАО-ның Қазақстандағы байланыстар және әріптестік жөніндегі бюросының қызметіне қатысты келісімнің мерзімін ұзарту және кеңейту жағдайларына назар аударды. Қазақстан тарапы ФАО-мен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Тағы бір маңызды бағыт өсімдіктерді қорғау саласына заманауи технологияларды енгізу. ФАО-ның Өсімдік шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау бөліміндегі NSPPH кластерінің жетекшісі Шоки Әл-Добаимен өткен кездесуде «Қазақстандағы шегіртке зиянкестеріне мониторинг жүргізу және олардың таралуын жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы болжау жүйесін жетілдіру» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану шегіртке зиянкестерінің таралуын дәлірек анықтап, алдын ала болжауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығына төнетін қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тараптар жобаны іске асырудың келесі кезеңдерін алға тартып, жинақталған тәжірибені Орталық Азия елдерінде қолдану, сондай-ақ басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін организмдермен күресте пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.
Отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері ФАО-ның NSP бөлімінің директорының орынбасары Чикелу Мбамен кездесуде әңгіме өзегіне айналды. Тараптар селекция мен тұқым өндіру саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасының іске асырылу барысын қарастырды.
Әсіресе бастаманың нақты нәтижелеріне және оның отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тиімділігін арттыру жолдарына баса көңіл бөлінді.
Кездесулер соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүйелі түрде іске асыруға және аграрлық саясаттың басым бағыттары бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екендерін жеткізді.
Қазақстанның ФАО-мен ынтымақтастығы аграрлық салаға халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды енгізуге, инновациялық шешімдерді кеңінен қолдануға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды тетік саналады.