
Қазақстан 2026 жылғы 8–12 қазан аралығында Рим қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Тұқымнан тағамға дейін» (From Seeds to Foods) атты екінші жаһандық көрмесіне қатысуда. Еліміз көрмеде ауыл шаруашылығы, астық өндіру және оны терең өңдеу салаларындағы әлеуетін таныстырып, тұқымнан бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс үдерісін көрсетеді.
«Азық-түлік қауіпсіздігі мен дұрыс тамақтануды қамтамасыз ету жолындағы инновациялар» тақырыбымен ұйымдастырылған көрме мемлекеттер өкілдерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді, жеке сектор мен ғылыми қауымдастық өкілдерін, жастарды және халықаралық серіктестерді бір алаңға жинады. Көрменің басты мақсаты – тұқым өсіру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап, оларды өңдеу, нарыққа жеткізу және дайын тағам өндіруге дейінгі барлық кезеңде қолданылатын озық шешімдерді таныстыру.
Қазақстанның ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік павильонындағы экспозициясы көрменің негізгі идеясын аша түседі. Онда табиғи ресурстарды, білім мен тәжірибені, заманауи технологиялар мен инновацияларды тиімді пайдалану арқылы азық-түлік өндіру және агроөнеркәсіптік тізбектің әр кезеңінде қосылған құн қалыптастыру жолдары көрсетілген.
Қазақстандық экспозиция келушілерді астық өндірісінің толық үдерісімен таныстырады. Онда тұқым дайындау мен дәнді дақылдарды өсіруден бастап, астықты заманауи технологиялар арқылы өңдеу және дайын өнім шығару кезеңдері қамтылған. Әсіресе астықты терең өңдеу мүмкіндіктеріне баса назар аударылған. Дәстүрлі нан және макарон өнімдерімен қатар, келушілер астықтан өндірілетін шәрбат, глютен және этанол сияқты өнімдермен де таныса алады.
Қазақстанның ұлттық тағамдары мен аспаздық дәстүрлері де көрмеде кеңінен таныстырылған. Атап айтқанда, бауырсақ, жент, құрт және «Алматы апорты» алмасы арқылы еліміздің бай тағам мәдениеті насихатталады. Бұл өнімдер халқымыздың табиғатпен сабақтас тіршілігін, ауыл шаруашылығының даму жолын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі білім мен ұлттық дастарқан мәдениетін танытады.
ФАО-ның Еуропа және Орталық Азияға арналған өңірлік павильонында «Алматы апорты» «Бір ел – бір басым өнім» (One Country One Priority Product) бастамасы аясында Қазақстанның басым өнімі ретінде ұсынылды.
«Қазақстанның «Тұқымнан тағамға дейін» көрмесіне қатысуы тұқым шаруашылығы мен астық өндіруден бастап, оны терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі агроөнеркәсіптік тізбектің барлық кезеңін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздің бай аспаздық мұрасын таныстыра отырып, ауыл шаруашылығының мәдениетімізбен, дәстүрлерімізбен және күнделікті тұтынатын тағамдарымызбен тығыз байланысты екенін көрсетеміз», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Өңірлік павильонға қатысушы елдерді агробиоалуантүрлілікті сақтау, ұлттық тағам мұрасын дәріптеу, ғылым мен технологияны дамыту және инновацияларды енгізу сияқты ортақ бағыттар біріктіреді. Павильон төрт негізгі бағытты қамтиды: табиғи ресурстар; адам капиталы мен білім; инновациялар және ғылыми-технологиялық даму; инвестициялар мен әріптестік.
2025 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Тұқымнан тағамға дейін» көрмесіне төрт күн ішінде 10 мың адам келіп, 145 ел мен аумақтан 200-ден астам қатысушы өз өнімдері мен шешімдерін ұсынды. Көрменің цифрлық аудиториясы 32 миллионнан асты.
Биыл көрме халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң ретіндегі жұмысын жалғастыруда. Онда инновациялар мен заманауи технологияларды, жергілікті тәжірибе мен білімді, сондай-ақ халықаралық әріптестікті пайдалану арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, дұрыс тамақтануды қолдауға, тұрақты дамуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер ұсынылуда.