Егістік даласынан фермаға дейін: Digital Qazaqstan аясында АӨК-тің негізгі бағыттары цифрландырылуда 

Егістік даласынан фермаға дейін: Digital Qazaqstan аясында АӨК-тің негізгі бағыттары цифрландырылуда 

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенінде цифрландырудың алты бағыты жүзеге асырылуда. Аталған бағыттар негізінде Digital Agro бірыңғай платформасын құру көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Негізгі бағыттар мен жүзеге асыру нәтижелері:

Мемлекеттік қолдау: ақылы жеке аналогтер орнына «Мемлекеттік агро» тегін субсидиялау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде жүйеде 209 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Мал шаруашылығын есепке алу: малдың толық өмірлік циклі мен ветеринариялық іс-шараларды қадағалау АЖС, РЖС ақпараттық жүйелері және «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы қамтамасыз етіледі.

Өсімдік шаруашылығы: егіс жұмыстарын цифрлық жоспарлау, өнім партияларын есепке алу және өндірушіден элеваторға дейін ғарыштық мониторинг жүргізуге арналған Өсімдік шаруашылығындағы қадағалау ақпараттық жүйесі қалыптастырылуда.

Жер ресурстары: цифрлық карта 100%-ға қалыптастырылды. Агрохимиялық, геоботаникалық және топырақ зерттеулерін 2029 жылға қарай толық қамту жоспарланып отыр. Жерді ұтымды пайдалануға мониторинг жасау «ЖерИнСпектр» жүйесі арқылы жүргізіледі.

«Смарт-ферма»: цифрлық технологияларды 650-ден астам кәсіпорын қолданады. Оның ішінде 200 смарт-шаруашылық бар, соның ішінде 112 сүт фермасы және автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жабдықталған 30-дан астам бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Бірыңғай платформа: цифрлық талдау жүргізу және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдау үшін «Смарт Дата Агро» деректер жиынтығы қалыптастырылуда.