
Батыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар қауіпті карантиндік нысан – жатаған кекіре тұқымдарымен залалданған 84,5 тонна карантиндік өнімді ел аумағына кіргізуге жол бермеді.
Аталған заңбұзушылық «Тасқала» және «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекеттерінде жүргізілген бақылау барысында анықталды.
Инспекторлар «Тасқала» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған мақсары және арпа тұқымдарын тексеріп, өнімнен фитосанитариялық сараптама жасау үшін сынамалар алды.
Ал «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған зығыр тұқымдарынан алынған сынамалар зертханалық зерттеуге жолданды.
«Фитосанитария» мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық карантиндік зертханасы филиалының зерттеу қорытындысына сәйкес, тексерілген барлық сынамалардан карантиндік нысанға жататын жатаған кекіренің (Acroptilon repens L.) тұқымдары анықталды.
Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, залалданған өнімді ел аумағына кіргізуге рұқсат берілмеді.
Аталған жүк толығымен экспорттаушы елге кері қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісіне қауіп төндіретін карантиндік өнімдерге жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.