Астанада ФАО Нан фестивалі өтті

Астанада ФАО Нан фестивалі өтті

Астанада Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған 2026 жылғы Нан фестивалі өтті.

Дүниежүзілік азық-түлік күніне орайластырылған іс-шара С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында өтті.

Фестиваль Венгрия, Польша, Словакия, Чехия, Бельгия, Германия және Бразилияның дипломатиялық миссияларының өкілдерін, БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың, фермерлерді, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, ғалымдарды, селекционерлерді, тұқым және азық-түлік өнімдерін өндірушілерді, студенттерді біріктірді. Олар өз елдерінің азық-түлік мәдениеті мен нан дәстүрлерінің элементтерін таныстырды.

Фестивальдің басты идеясы — «тұқым мен топырақтан нанға және біздің дастарқанымызға дейін» азық-түліктің жолын көрсету, бұл ретте ғылымның, сапалы тұқым материалының, заманауи технологиялардың, аграрлық сала мамандары еңбегінің және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімді әріптестіктің рөлін атап көрсету.

«Бұл іс-шараның маңызы зор, өйткені ол нанның топырақ пен тұқымнан біздің дастарқанымызға дейінгі жолын көрнекі түрде көрсетеді. Әрбір нанның артында ғалымдардың, шаруалардың және өңдеушілердің еңбегі тұр. Фестиваль қоғамның осы еңбекке назарын аударып, ғылым, өндірушілер мен әріптестер арасындағы диалог үшін тиімді алаңға айналады деп сенемін», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы. Ол ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» бастамасына ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, селекция мен тұқым шаруашылығын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және тұқым сапасын арттыру өнімділікті өсіру және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шешуші маңызға ие.

«Қазақстан екі жыл қатарынан өнімділіктің рекордтық көрсеткіштерін көрсетіп келеді. Орта есеппен шамамен 27 млн тонна астық жиналады, ал өткен маусымның қорытындысы бойынша астық экспорты 15,5 млн тоннаға жетті», — деді вице-министр.

«Нан — бұл жай ғана азық-түлік өнімі емес. Әрбір нанның артында үлкен еңбек — астық өсіретін диқанның, заманауи технологияларды дамытатын ғалымның және астықты нанға айналдыратын наубайшының еңбегі тұр. Сондықтан нан — адамдарды, ғылымды, ауыл шаруашылығын және мемлекеттік органдарды біріктіретін жалпы азық-түлік жүйесінің тамаша символы», — деп атап өтті Қазақстандағы ФАО бағдарламаларының үйлестірушісі Жаныл Бозаева.

Жаныл Бозаева Қазақстанның аграрлық секторын дамытудағы білімнің, ғылымның және жас ұрпақтың маңызды рөлін атап өтті.

Фестивальдің орталық алаңдарының бірі отандық сорттарға, заманауи тұқым шаруашылығына және ауыл шаруашылығындағы инновациялық шешімдерге арналған «Тұқымдар және инновациялар» аймағы болды.

«Бидай және нан» алаңында қатысушылар дәннен ұнға және дайын өнімге дейінгі жолды бақылап, отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып, азық-түлік өндірісіндегі ғылым мен технологиялардың рөлі туралы білді.

Бағдарламада Бауырсақ фестивалі ерекше орын алды. Қонақтар дәстүрлі қазақ тағамының үлкен қазанда дайындалуын тамашалап, бауырсақтың тарихы мен мәдени маңызы туралы көбірек білді.

Балалар мен отбасылар үшін «Менің болашақтағы тағамым» атты сурет байқауы, нанды безендіру бойынша шеберлік сабақтары және тұқым мен дәнге арналған ойындар ұйымдастырылған интерактивті аймақ жұмыс істеді. Мәдени бағдарламаны дәстүрлі қазақ музыкасы, жанды өнер көрсету, би және жастардың өнер көрсетуі толықтырды.

Фестивальде отандық өндірушілер мен кәсіпкерлер, оның ішінде «Цесна», «Дом пчеловода», «Бест Мил», «Дала Дәмі», «Даурен-Нан», «Секрет вкуса», «Дала қағы» және «Баракат» ЖК өз өнімдерін ұсынды. Қонақтар Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің кең ассортиментімен таныса алды.

Фестиваль Қазақстандағы ФАО іс-шараларының бір бөлігі болды. Олар азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері туралы хабардарлықты арттыруға, тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамытуға және болашақ ұрпақты азық-түлікпен қамтамасыз етудегі инновациялардың рөлін көрсетуге бағытталған.