
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Родина ауылына барды.
Аталған ауыл БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Villages Recognition Initiative халықаралық бастамасы аясында үздік деп танылған ауылдық елді мекендердің қатарына енген болатын.
Бұл бастама ауыл шаруашылығы өндірісін орнықты дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып отырған ауылдық аумақтарды анықтап, олардың тәжірибесін мойындауға бағытталған.
Родина ауылының тәжірибесі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының табысты жұмысы мен елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы өзара сабақтас екенін көрсетеді.
Сапар барысында Министрлік қызметкерлері ауылдағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстарын көріп, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Соның ішінде егін және тұқым шаруашылығын, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бағыттарын қатар дамытып отырған көпсалалы «Родина Агрофирмасы» серіктестігінде болды.
Кәсіпорынды аралау барысында аталған серіктестіктің бас директоры Иван Сауэр өндірістің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ол ауыл шаруашылығында қолданылатын заманауи технологиялармен, ірі қара малды күтіп-бағу және сауу жүйесімен таныстырып, өнім өндіру мен оны қайта өңдеудің негізгі кезеңдерін көрсетті.
Агрофирманың қызметі тек өндірістік көрсеткіштермен шектелмейді. Кәсіпорын ауылдағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарына қолдау көрсетіп, елді мекенді абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға да тұрақты түрде атсалысып келеді.
«Біз үшін кәсіпорынның ауылмен бірге дамуы аса маңызды. Кез келген өндірістік жетістіктің негізінде адамдардың еңбегі тұр. Олар — біздің қызметкерлеріміз, олардың отбасылары және осы аумақта тұратын тұрғындар. Сондықтан біз өндірістің тиімділігіне ғана емес, адамдардың жайлы өмір сүруіне де жағдай жасауға ұмтыламыз. Әлеуметтік нысандарды қолдап, ауылдың дамуына өз үлесімізді қосу — біздің адамдар мен туған жер алдындағы жауапкершілігіміз», — деді серіктестіктің бас директоры Иван Сауэр.
Сапар барысында кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отырған еңбек ұжымына да ерекше көңіл бөлінді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысы Сергей Ли агрофирма директорының орынбасары Андрей Веревкинге «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.
Сондай-ақ машиналық сауу операторлары Айгерим Абдилдина, Марина Росщупкина және Кристина Улас, слесарьлар Валерий Губарев пен Иван Савченко және кәсіпорын қызметкері Ирина Маслина Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Ауыл шаруашылығындағы әрбір жетістіктің артында маңдай терін төгіп, күн сайын еңбек етіп жүрген адамдар бар. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі — өндірістің тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі. Бүгін біз өз еңбегімен кәсіпорынның ғана емес, тұтас елдің аграрлық саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарды марапаттадық. Осындай азаматтардың еңбегін бағалап, лайықты деңгейде құрмет көрсету маңызды», — деді Сергей Ли.
Министрлік қызметкерлері үшін бұл сапар ауылдың нақты тәжірибесімен танысып, оның дамуына бағытталған тиімді шешімдерді зерделеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар сапар барысында аграрлық сектордың өзекті мәселелері талқыланып, өзара тәжірибе алмасты.
Сапардың тағы бір маңызды бөлігі ұжым мүшелерінің бейресми жағдайда пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісуіне арналды.