
Алматы облысының Боралдай ауылында Carlsberg Group пен PepsiCo компанияларының бірлескен жаңа алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты ашылды. Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова қатысты.
Зауыттың ашылуы Қазақстанға Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің ресми сапары аясында өткен Қазақстан-Дания бизнес-форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Данияның Сыртқы істер министрі, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Жаңа өндіріс орны өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналмақ. Жобаға 344 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1 млрд литрге жуықтайды. Зауытта 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорынның іске қосылуы халықаралық деңгейдегі Carlsberg Group пен PepsiCo компаниялары арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі саналады. Жоба өндірісті жергілікті жерде жолға қоюға, заманауи технологияларды енгізуге, экологиялық талаптарды сақтауға және Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы алкогольсіз сусындардың түр-түрін көбейтуге бағытталған.
Қазір зауытта сынақ өндірісі жүргізіліп жатыр. Одан кейін кәсіпорын толықтай іске қосылмақ.
Айта кетейік, жобаның алғашқы іргетасы 2025 жылғы 16 қыркүйекте қаланып, сол күні инвестициялық келісімге қол қойылған болатын.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Үкіметі, Сыртқы істер министрлігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» акционерлік қоғамы және Алматы облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетті.
Жаңа зауыттың ашылуы Қазақстанның инвестиция үшін қолайлы ел екенін және халықаралық компаниялармен ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар жоба өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістің заманауи технологиялармен жаңғыруына серпін бермек.
Carlsberg Kazakhstan – әлемдегі ең ірі бес сыра өндіруші компанияның қатарына кіретін халықаралық Carlsberg Group құрамындағы кәсіпорын. Компания Қазақстандағы ірі әлсіз алкогольді сусындар өндірушілерінің бірі саналады.
Бизнес-форум барысында Қазақстан мен Дания арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі ахуалы да сөз болды.
2025 жылы Қазақстан мен Дания арасындағы тауар айналымы 163,6 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға жоғары.
Оның ішінде Қазақстанның Данияға экспорты 40,7 млн долларға жетіп, бір жылда 16,6 пайызға артқан. Ал Даниядан Қазақстанға импорт көлемі 122,9 млн долларды құрады.
Даниядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2005 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін 394,8 млн АҚШ долларына жетті.
Ал 2025 жылы Дания инвестициясының көлемі 88,1 млн долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға өсті.
Алматы облысында жаңа өндіріс орнының іске қосылуы Қазақстан мен Дания арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанын дәлелдейтін нақты жобалардың бірі деуге болады.