
Үкімет 2026 жылғы астықтың сатып алу бағасын анықтады. 3-сыныпты бидайдың сапалық көрсеткішіне байланысты ол тоннасына 92-ден 115 мың теңгеге дейін болып белгіленді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Арқалықта Қостанай облысы оңтүстік өңірлерінің шаруаларымен кездесуде хабарлады.
«Нарық конъюнктурасын, сондай-ақ нарыққа қатысушылардың ұсынысын ескере келіп, Үкімет 2026 жылғы астықтың сатып алу бағасын айқындады. Атап айтқанда, 3-сыныпты бидай бағасын сапалық көрсеткішіне байланысты 92-ден 115 мың теңгеге дейін белгілеу жоспарлануда. Осылайша, баға өткен жылғы деңгейде қалады», — деді Серік Жұманғарин.
Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы нарық үшін эталон ретінде қызмет етеді. Шаруаларды қаржылық қолдау астықты форвардтық және тікелей сатып алу тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өндірістік шығындарды жабуға және келесі маусымға дайындалуға мүмкіндік береді.
Тағы бір қолдау шарасы – астық трейдерлеріне ҚҚС-ты қайтару. Тиісті шешім Салық Кодексін енгізу бойынша жобалық кеңсе отырыстарының бірінде қабылданды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзету қолданылмайды. ҚҚС-ты қайтаруға қойылатын талаптардың негізділігі тауар қозғалысының және салық төлеудің бүкіл тізбегін – ауыл шаруашылығы өндірушісінен экспорттаушыға дейін қадағалауға мүмкіндік беретін «пирамида әдісі» деп аталатын тәсілді қолдана отырып, салықтық тексерумен расталатын болады. Тексерудің оң нәтижелері болған жағдайда экспорттаушы бұрын төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтарып ала алады.
Серік Жұманғарин сондай-ақ астық экспорттаушыларға мемлекеттік шығындарды өтеу бағдарламасы 2026-2027 маркетингтік жылға ұзартылатынын хабарлады.
Өткен жылдары астық жөнелтушілердің көлік шығындарын субсидиялау қазақстандық астықты жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Дәстүрлі нарықтардан басқа қазақстандық бидайды алғаш рет Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, сондай-ақ Марокко, Алжир және Мысыр сынды Солтүстік Африка елдері сатып алды. Азық-түлік корпорациясы сонымен қатар Қытай арқылы мультимодальды маршрут бойынша Вьетнамға астық жеткізуді сынап көрді.
Бұл шараларды жүзеге асыру астық бағасын тұрақтандыруға және демпинг тәуекелдерін төмендетуге ықпал етті. Логистика, қайта өңдеу, машина жасау және сервистік қызметтер сынды сабақтас салаларға да қосымша әсер берді.
Кездесудің тағы бір тақырыбы мал шаруашылығын дамытуға арналды. Қостанай облысының үш оңтүстік өңірі – Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарында бүгінде 1 132 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Жалпы егіс алқабы 581,1 мың гектар. Оның ішінде дәнді дақыл 501,4 мың гектар, майлы дақыл 65,9 мың гектар. Соңғы үш жылда майлы дақыл алқабы 1,3 есеге ұлғайды. Негізгі дақыл – мақсары: ол 51,2 мың гектарға немесе облыстағы осы дақылдың барлық ауданының 47%-ына егілді.
Фермерлер кезінде Қостанай облысы бастамашы болған «Жайлау» бағдарламасын қайта жүзеге асыру мәселесін көтерді. Атап айтқанда, жайылымдарды міндетті түрде суландыру және мал шаруашылығы базаларын салу жөніндегі талаптар туралы сөз болды. Оңтүстік аудандардың шаруашылықтары негізінен табиғи су көздері бар өзендер мен көлдердің жайылмаларында орналасқан, көптеген фермерлерде мал шаруашылығына қажетті инфрақұрылым бар. Осыған байланысты бағдарлама талаптарын орындау кезінде бұрыннан бар объектілерді есепке алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Сондай-ақ, мал өсірушілер асыл тұқымды ірі қара малдың шекті құнын оны сатып алуды жеңілдетілген несиелеу кезінде қайта қарауды ұсынды. Өйткені олардың бағалауы бойынша бағдарламада белгіленген баға нарықтық бағадан төмен.
Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыстағы құжаттарға қажетті өзгерістерді пысықтауды, сондай-ақ асыл тұқымды мал құнының анықтамалығын әзірлеуді тапсырды.
«Zengi Group» ЖШС директоры Жәнібек Кенжебаев Арқалықта эмбриондар өндіру бойынша генетикалық орталық құру жоспарын ұсынды. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестиция тартылды.
«Бұл жоба – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін Қазақстанда асыл тұқымды мал басын көбейту мүмкіндігі. Эмбриондарды қолдану арқылы біз асыл тұқымды мал ала аламыз. Сонымен қатар Арқалықта мал тасымалдау бойынша логистикалық хаб құру бойынша жұмыс істейміз. Біз асыл тұқымды малды өндіру мен сатуды кәсіби деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Жәнібек Кенжебаев.

