«Ақылды» суару: қазақстандық ғалымдар су үнемдейтін жаңа технология әзірледі

«Ақылды» суару: қазақстандық ғалымдар су үнемдейтін жаңа технология әзірледі

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамына кіретін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары егіншілікке түбегейлі жаңа тәсіл ұсынды. Белгіленген кесте бойынша жүргізілетін дәстүрлі суарудың орнына, олар әзірлеген суаруды басқару технологиясы судың берілуін нақты дақылдың түрі мен оның қазіргі даму кезеңіне қарай икемді реттеуге мүмкіндік береді.

Әзірлеме әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған сараланған су беру режимдерін және суаруды автоматтандырылған басқарудың цифрлық жүйесін біріктіреді. Технология дақылдың түрін, оның даму кезеңін, топырақтың ылғалдану тереңдігін және қажетті су көлемін ескере отырып, суару режимін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өлшемдер цифрлық жүйеге енгізілген.

Технологиялық кешен топырақ пен қоршаған ортаның жай-күйін бақылайтын өлшегіш құралдарды, цифрлық метеостанцияны, су шығынын өлшейтін есептегіштерді, қысым реттегіштерін және арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қамтиды. Мұның бәрі суару жүйесін және тыңайтқыш енгізу процесін уақыт немесе көлем бойынша қашықтан басқаруға, сондай-ақ жекелеген суару блоктарын нүктелік режимде бақылайды.

Сонымен қатар жаңа суару жүйесі жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істей алады. Бұл оны жабдықты энергиямен автономды қамтамасыз ету қажет болатын нысандарда пайдалануға мүмкіндік береді.

Әзірлеменің тиімділігі егістік алқаптарындағы нақты сынақтар барысында да дәлелденді.
Мәселен, «Нұржан» шаруа қожалығының тәжірибелік-өндірістік учаскесінде қант қызылшасын өсіру кезінде суару мөлшері 3278 м³/га болды, ал есептік мөлшер 4850 м³/га-ны құрады. Су үнемдеу көлемі 1572 м³/га немесе 32%-ға жетті. Бұл ретте өнімділік 1190 ц/га болды.

Соя өсіру кезінде суару мөлшері 2620 м³/га болып, есептік 3000 м³/га мөлшерімен салыстырғанда 380 м³/га, яғни 13% су үнемделді. Өнімділік 46,8 ц/га құрады.

Дәндік жүгері үшін топырақ ылғалдылығы мен өсімдіктің даму кезеңіне байланысты суару режимдері әзірленді. Суару мөлшері 4500 м³/га болған кезде «Тәуелсіздік 20 СВ» буданының өнімділігі жекелеген нұсқаларда 160,2 ц/га-ға дейін жетті.

Зерттеулер күріш дақылында да жүргізілді. Жекелеген нұсқаларда тамшылатып суару кезінде өнімділік 46,1 ц/га-ға дейін жеткен.

Әзірленген технология суармалы егіншілікпен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа және фермер қожалықтарына, ғылыми және оқу-тәжірибелік ұйымдарға арналған. Ол белгіленген суару нормасы бойынша су беруден дақылдың нақты қажеттілігін ескере отырып, су беруді басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Осылайша ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімділігін сақтай отырып, су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты пайдалануға жағдай жасалады.

Қазіргі уақытта суарудың әртүрлі тәсілдері мен ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтыну коэффициенттеріне салыстырмалы бағалау жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Зерттеулер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында қолға алынуда.