Мемлекеттік қолдаудан нақты нәтижелерге дейін: ҚР АШМ-де АӨК дамуының негізгі міндеттері талқыланды

Мемлекеттік қолдаудан нақты нәтижелерге дейін: ҚР АШМ-де АӨК дамуының негізгі міндеттері талқыланды

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының, департаменттер мен комитеттер басшыларының қатысуымен өтті.

Жиынды ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Ержан Нұрбаев мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалаудағы басты өлшем нақты экономикалық нәтиже болуы тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде агросекторға ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге сала алдында жаңа сын-қатерлер де тұр. Сондықтан қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, бөлінген қаражаттың барынша тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Біздің міндетіміз – жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтап, нарыққа қатысушылардың пікірін ескеру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жалпы экономикаға нақты пайда әкелетін шешімдер ұсыну», – деді Ержан Нұрбаев.

Жиын барысында мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық бағдарламалардың тиімділігі, аквашаруашылықты дамыту, жер ресурстарын пайдалану, фитосанитариялық қауіпсіздік және азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Инвестициялық саясаттың маңызды нәтижелерінің бірі – өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейтуге бағытталған жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасының іске қосылуы.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында АӨК-тің 16 бағыты бойынша 245 жоба қаржыландырылды. Оның 150-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінде де өсім байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы жалпы өнім көлемінің нақты индексі 2023 жылғы 85,1%-дан 2025 жылы 113,2%-ға жетті.

Инвестицияның едәуір бөлігі сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. 2023–2025 жылдары осы бағдарлама аясында 97 тауарлы-сүт фермасын салу жобасы қаржыландырылды. Оның 71-і пайдалануға беріліп, оларда 460 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.

Барлық жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, сүт өндіру көлемі 600 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ет өндірісі де артып келеді. Бағдарлама басталғалы бері ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған жалпы құны 33,8 млрд теңге болатын 27 жоба қаржыландырылды.

Өндіріс көлемінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу нысандарын дамыту жұмыстарымен қатар жүріп жатыр.

Осылайша, мемлекеттік қолдау жекелеген жобаларды қаржыландырумен ғана шектелмей, агроөнеркәсіптік кешендегі құрылымдық өзгерістерге серпін беретін маңызды құралға айналып келеді. Жеке инвестицияларды тарту, жаңа өндірістер ашу, мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту АӨК-тің орнықты өсуіне және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалайды.

Кездесуде аквашаруашылықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда сала субъектілерінің 698-ін қамтитын тізілім жасақталған.

2027 жылдан бастап аквашаруашылық саласын бақылау, оның субъектілері туралы мәліметтерді жүргізу және өнімнің шығу тегі мен қозғалысын қадағалау үшін E-Fish ақпараттық жүйесіне арнайы модуль енгізу жоспарланып отыр.

АӨК-ке инвестиция тарту қарқыны да сақталуда. 2026 жылға арналған Жол картасы бойынша жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 161 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.

Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Негізгі азық-түлік тауарларының басым бөлігі бойынша ішкі нарықтың отандық өніммен қамтылу деңгейі 80%-дан жоғары. Басым бағыттардың қатарында қант, құс еті және сүт өнімдерін өндіру бар.

2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында азық-түлік өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,9%-ды құрады.

Жиын қорытындысында Ержан Нұрбаев алдағы өсім көрсеткіштерді арттырумен ғана шектелмей, мемлекеттік ресурстарды ұтымды әрі сапалы пайдалануға негізделуі тиіс екенін атап өтті.

«Салаға қойылып отырған міндет – көрсеткіштерді жай ғана арттыру емес, сапалы әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету. Бұл үшін жүйелі шешімдер қабылдап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау және мемлекет, бизнес пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін нақты нәтижелерге тұрақты бақылау жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес бұл жұмысқа бұдан әрі де үлес қосып, сындарлы пікір алмасуға жағдай жасауға дайын», – деп қорытындылады Қоғамдық кеңес төрағасы.

Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ұсынымдар талданып, тиісті жұмыстарда ескерілетін болады.