
Бішкек қаласында Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының, ғылыми және сарапшылық қоғамдастығының 150-ден астам өкілін біріктірген «Бірыңғай денсаулық – 2026» өңірлік конференциясы өтті.
Іс-шара Пандемия қорынан және ФАО, ДДҰ, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы мен ЮНЕП-ті біріктіретін «Бірыңғай денсаулық» төртжақты альянсының қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференцияға Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тасқын Қызайбаев қатысты.
Жиналғандар зооноздық аурулардың алдын алу, пандемияларға және трансшекаралық инфекциялық қауіп-қатерлерге дайындық, сондай-ақ ветеринариялық және эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жеке қаралды.
«Бірыңғай денсаулық» жөніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесінің 4-отырысы аясында бес елдің өкілдері ұлттық үйлестіру құрылымдарының атқарған жұмыстарының нәтижелерін, өңірлік жоспарды және одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Әсіресе, Дүниежүзілік банк пен Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығы өкілдерінің қатысуымен өңірлік бастамаларды іске асырудың тәжірибелік мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушылар қаржылық басқару, сатып алу рәсімдері, ведомствоаралық үйлестіру және қатысушы елдердің қажеттіліктеріне қатысты мәселелерді қарастырды.
Конференция нәтижесінде ақпарат алмасуды дамыту, ветеринариялық және эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру, сондай-ақ инфекциялық қауіп-қатерлерге дайындық деңгейін арттыру бағыттарындағы жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.