Қазақстан ЕОКЗҰ-ның 76-сессиясында халықаралық фитосанитариялық стандарттарды талқылауға қатысуда

Қазақстан ЕОКЗҰ-ның 76-сессиясында халықаралық фитосанитариялық стандарттарды талқылауға қатысуда

Қазақстан Республикасының делегациясы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан Еуропа және Жерорта теңізі өсімдіктер карантині және оларды қорғау ұйымының (ЕОКЗҰ) 76-сессиясына қатысуда.

Халықаралық алаңға ЕОКЗҰ-ға мүше 40-тан астам мемлекеттің басшылары мен  өкілдері жиналды.

Іс-шара барысында Ұйым қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде өткен жылғы жұмыс қорытындылары және осы жылға арналған басым міндеттердің орындалуы, қаржылық мәселелер, сондай-ақ ЕОКЗҰ-ның халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы  турасында қарастырылуда.

Өсімдіктерді қорғау құралдары мен фитосанитариялық шаралар мәселелері бойынша мамандандырылған жұмыс топтарының қызметіне ерекше назар аударылды. Басым бағыттардың бірі – ЕОКЗҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы мен фитосанитариялық стандарттарын одан әрі үйлестіру.

Қазақстан үшін бұл бағыт фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне байланысты айрықша маңызға ие. Ұлттық талаптарды халықаралық стандарттарға жақындату саудадағы техникалық кедергілерді азайтуға және қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімдердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

«Қазақстанның ЕОКЗҰ жұмысына қатысуы карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық фитосанитариялық бақылау жүйесін жетілдіруге және сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шетелдік нарықтардағы қатысуын кеңейтуге жағдай жасауға мүмкіндік береді. Халықаралық фитосанитариялық талаптарды сақтау – қауіпсіз сауданы қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі», – деп атап өтті ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков.

Үш күнге жоспарланған сессия қорытындысы бойынша ЕОКЗҰ-ның жұмыс бағдарламасы және 2027 жылға арналған халықаралық іс-шаралар күнтізбесін бекіту жоспарлануда.

Қабылданған шешімдер Ұйымға мүше мемлекеттердің фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды жетілдіру, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау саласына заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу бағытындағы күш-жігерін одан әрі үйлестіруге бағытталатын болады.