Еңбек адамы. Сергей Середа: Болашақтың берекесін ойлаған ғалым

Еңбек адамы. Сергей Середа: Болашақтың берекесін ойлаған ғалым

Жаңа сорт бір маусымда дүниеге келмейді. Оның артында жылдар бойғы ізденіс, үздіксіз бақылау, ондаған сынақ, сәтті де, сәтсіз де тәжірибе жатыр. Ғалым үшін әрбір жаңа сорт — ұзақ еңбектің, табандылық пен ізденістің нәтижесі.

Селекционер өз еңбегінің жемісін бірден көре бермейді. Кейде алғашқы үміт күттірген үлгіден өндірісте пайдаланылатын жаңа сортқа дейін бірнеше жыл өтеді.

Болашақты бағамдап, нәтижені ұзақ мерзімге бағыттау — Сергей Григорьевич Середаның кәсіби жолындағы басты қағидалардың бірі. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы аграрлық ғылым, селекция және тұқым шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде А.Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында ғылым бағытына жетекшілік етеді.

Ғалымның басты мақсаты — тәжірибе алқабында ғана жақсы нәтиже көрсететін сорт емес, Орталық Қазақстанның күрделі табиғи-климаттық жағдайына бейімделген, тұрақты өнім беретін және жергілікті шаруалар үшін нақты пайдасы бар сорттар шығару.

Мамандыққа бастар жол

Сергей Середа мамандық таңдау мәселесіне жауапкершілікпен қараған. 1999 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы» мамандығы бойынша тәмамдап, ғалым-агроном-селекционер біліктілігін иеленді. Кейін П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінің аспирантурасында «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша білімін тереңдетті.

Еңбек жолын Орталық Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып бастады. Кейін аға ғылыми қызметкер қызметіне көтерілді. 2014 жылы Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өсімдік шаруашылығы және селекция зертханасының меңгерушісі болды.

2018 жылдан бері Сергей Середаның кәсіби қызметі А.Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен тығыз байланысты.

2022 жылы ол ғылыми бөлімнің топ жетекшісі әрі аға ғылыми қызметкері болып тағайындалды. Ал биыл ғылым жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне келді.

Зертханадан — дала жұмысына дейін

Қазіргі таңда Сергей Середаның негізгі ғылыми бағыты — бидай мен арпаның селекциясы және тұқым шаруашылығы. Оның күнделікті жұмысы фенологиялық бақылау жүргізу, бастапқы материалды бағалау, түрлі үлгілерді сынақтан өткізу және болашағы бар жаңа сорттарды шығару жұмыстарын қамтиды.

Дегенмен зертхана мен тәжірибе алқасындағы жұмыс қана жеткіліксіз. Ол кез келген ғылыми әзірлеменің нақты өндірістегі нәтижесін көруді маңызды санайды. Яғни зерттеу аяқталғаннан кейін оның шаруашылық жағдайында қалай жұмыс істейтінін бағалау қажет.

«Ғалым үшін зерттеу жүргізіп, жаңа материал жасаудан бастап, оны ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізуге дейінгі бүкіл жолды көру маңызды. Сонда ғана әзірлеменің қаншалықты қажет әрі тиімді екенін бағалауға болады», — дейді Сергей Середа.

Сондықтан ол ғылыми қызметін тәжірибемен де ұштастырады. Шаруашылықта өсімдік шаруашылығы цехының агрономы ретінде еңбек етуі оған селекциялық материалды ғылыми сынақ жағдайында ғана емес, нақты өндірістік ортада да бағалауға мүмкіндік береді.

Орталық Қазақстан жағдайында мұның маңызы зор. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері ауыл шаруашылығы дақылдарына жоғары талап қояды. Жаңа сорт жергілікті жағдайға бейімделіп қана қоймай, тұрақты өнімділігін сақтауы және шаруалардың нақты сұранысына жауап беруі керек.

Сондықтан мұндағы селекция — өсімдіктің жаңа қасиеттерін іздеумен ғана шектелмейді. Бұл — ғылыми жаңалық пен өндірістік қажеттіліктің арасынан тиімді шешім табу жолындағы үздіксіз ізденіс.

Ғылымның нәтижесі — өндірісте

Сергей Середаның ғылыми ізденістерінің нәтижелері бірқатар ғылыми жарияланымдарда көрініс тапқан. Ол бес патенттің бірлескен авторы, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысып келеді.

Алайда ғалым үшін білім мен жинақталған тәжірибе кәсіби дамудың соңғы межесі емес.

«Қазіргі аграрлық ғылым үнемі дамып, жаңарып отырады. Сондықтан маман үнемі ізденіп, білімін толықтырып, жаңа технологияларды қадағалап, оларды тәжірибеде қолданудың жолдарын қарастыруы қажет», — дейді ол.

Селекция саласында жаңа білімнің орны айрықша. Технологиялар жаңарады, зерттеудің тың әдістері енгізіледі, бастапқы материалмен жұмыс істеудің мүмкіндіктері кеңейеді. Бірақ селекциядағы негізгі талап өзгермейді: кез келген нәтижені уақыт пен нақты тәжірибе арқылы сынау қажет.

Әр сорттың артында үлкен ұжымның еңбегі жатыр. Бір маусымда белгілі бір материалдың болашағы байқалуы мүмкін. Алайда нақты қорытынды жасау үшін әлдеқайда ұзақ уақыт керек. Өсімдіктер вегетацияның әр кезеңінде бақыланып, көрсеткіштері салыстырылады, сынақ нәтижелері сараланады. Тек осы жұмыстардан кейін ғана материалды одан әрі сынау немесе өндіріске ұсыну туралы шешім қабылданады.

Сондықтан селекционер еңбегінің шынайы нәтижесі — ғылыми мақала, патент немесе жаңа үлгі ғана емес. Негізгі нәтиже — жылдар бойы сыналып, уақыт сынынан өтіп, егіс алқабында тұрақты нәтиже көрсететін әрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге пайдасын тигізетін сорт.

Берекесін күткен еңбек

«Селекция — болашаққа бағытталған жұмыс. Еңбегіңнің нәтижесін бірден көре бермейсің. Бірақ болашаққа қажет дүниенің негізін қалап жатқаныңды білесің. Жұмысыңның шын мәнінде қажет екенін сезіну де осыдан», — дейді Сергей Середа.

Бүгін ертеңнің өнімін ойлап, соған негіз қалау — бір ғана маусымның нәтижесімен шектелмей, болашақты бағамдай білуді талап етеді. Ал аграрлық ғылымда бұл — жай ғана кәсіби ұстаным емес, уақыт талабы.