Айдарбек Сапаров Жамбыл облысында қант өндірісін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жұмыстарымен танысты

Айдарбек Сапаров Жамбыл облысында қант өндірісін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жұмыстарымен танысты

Жамбыл облысында қант өндірісінің заманауи жүйесі қалыптасып келеді. Өңірде отандық қант қызылшасын өсіруден бастап, оны өнеркәсіптік өңдеуге дейінгі өндірістік тізбекті дамытуға басымдық берілуде.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарымен, шикізат базасын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстарымен танысты.

Саладағы негізгі жобалардың бірі – Тараз қант зауытын ауқымды жаңғырту. Кәсіпорын 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдемеген. Ұзақ уақыт бойы зауыт негізінен қант қамысы шикізатын өңдеп келген.

Былтыр кәсіпорында отандық қант қызылшасын өңдеуді қайта іске қосу және өндірістік қуатын арттыру мақсатында кешенді жаңғырту жұмыстары басталды.

Жобаның инвестициялық көлемі 12,4 млрд теңге, осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, ал жылына 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Кейін өндірістік қуатты кезең-кезеңімен жылына 700 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Кәсіпорынды қажетті көлемдегі шикізатпен қамтамасыз ету үшін бүгінде 84 ауыл шаруашылығы құрылымымен келісімшарт жасалған.

«Бүгінде алдымызда қант қызылшасын өңдеу қуаттарын қалпына келтірумен қатар, оларды отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл үшін қызылша өндірісін қатар дамыту, оның өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет. Бұл еліміздегі қант өндірісінің көлемін арттырып, тұтастай алғанда саланың тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді», – деді Айдарбек Сапаров.

Қазіргі уақытта зауытта ескірген жабдықтар мен металл конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары аяқталған. Кәсіпорын аумағына технологиялық жабдықтар мен арнайы техниканың едәуір бөлігі жеткізілді.

Сонымен қатар зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қант қызылшасының қалдықтарын орналастыру үшін жер учаскесі бөлініп, санитариялық-қорғау аймағын абаттандыру қолға алынуда.

Өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту қант қызылшасы егілетін алқаптарды кеңейтумен қатар жүзеге асырылуда. Осы жылы Қазақстанда қант қызылшасының егіс алқабы 4,6 мың гектарға ұлғайып, 23,8 мың гектарға жетті. Жамбыл облысында аталған дақылдың егіс көлемі 3,3 мың гектарға артып, 9,9 мың гектарды құрады.

Жұмыс сапары барысында министр «КЭМА Агро» шаруа қожалығының егіс алқаптарына да барып, қант қызылшасын өсіру саласындағы заманауи технологиялармен танысты.
Шаруашылық 80 гектар алқапта тамшылатып суару жүйесін пайдаланады. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және өндіріс өнімділігін арттырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы мен материалдық-техникалық базаны жаңарту жүргізілуде.

Өңірде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу жобаларын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағытта Айдарбек Сапаров Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеу жөніндегі инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Бұл жобалар өңірде агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу көлемін арттыруға және отандық өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыруға жол ашады.