Айдарбек Сапаров Жамбыл облысының фермерлерімен АӨК-ті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады

Айдарбек Сапаров Жамбыл облысының фермерлерімен АӨК-ті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында шаруа қожалықтарының басшыларымен және агробизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуде өсімдік және мал шаруашылықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу көлемін ұлғайту, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды.

«Біздің міндетіміз – қаражатты салаға бағыттаумен ғана шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізу. Яғни өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, ең бастысы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыру», – деді Айдарбек Сапаров.

Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндіріс көлемі 5,2%-ға, Жамбыл облысында 5,5%-ға өсті. Жалпы жыл қорытындысында сала өсімін 6% деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бүгінде еліміз бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 11,3 млн гектар алқаптан, яғни жалпы егіс алқабының 72,5%-ынан жиналды. Орташа түсім гектарына 14,2 центнерді құрап, 16,2 млн тонна астық бастырылды.

Жамбыл облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары 351 мың гектар алқапта аяқталды, бұл жалпы егіс алқабының 93%-ын құрайды.
Орташа түсім гектарына 19,8 центнерді құрап, 700 мың тонна астық бастырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес соңғы екі жылда агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Биыл АӨК-ті қолдауға 1 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат жеңілдетілген несие беруге, көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бағытталуда.

Бүгінде жалпы сомасы 664 млрд теңге болатын өтінімдер қаржыландырылды. Қаржыландыру 8 млн гектардан астам егіс алқабын қамтыды. Жамбыл облысында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 293 фермердің өтінімі қаржыландырылды.

«Даму» қоры арқылы қарыздар бойынша 85%-ға дейін кепілдік беру тетігі де жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру – мемлекеттік қолдаудың маңызды құралдарының бірі. Биыл осы бағдарламаға 350 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жалпы құны 288,1 млрд теңге болатын 8,6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге шарттар жасалды.

Жалпы, жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қолданыстағы лизингтік бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 353,9 млрд теңгеге 10 774 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге шарт жасалды.

Жамбыл облысында жалпы құны 5,3 млрд теңгелік 305 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге қаржылық лизинг шарттары жасалды.

Кездесуде мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне де айрықша назар аударылды.
Саланы жедел дамыту мақсатында Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат өндірістің барлық кезеңі бойынша қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап асыл тұқымды мал басын сатып алуға арналған «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды. Ол жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен беріледі.

Жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылды.

Жеңілдетілген қаржыландыру тетіктеріне өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары да қосылды. Жамбыл облысының фермерлері үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 13,2 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қолданыста. Қаражатты жемшөп, ветеринариялық препараттар, жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектер сатып алуға, сондай-ақ жұмысшылардың жалақысын төлеуге бағыттауға болады.

Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 220 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде жоғары өнімді асыл тұқымды мал басын сатып алуға 80 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде шетелден елімізге 6 мың бас ірі қара әкелінді, ал ел ішінде 30 мыңнан астам бас мал сатып алынды. Қазан айында тағы 70 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде фермерлер салаға қатысты өзекті мәселелерді алға тартты. Атап айтқанда, қаржыландырудың қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі кеңейту.

Бұдан кейін Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қаржыландырылып жатқан инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Атап айтқанда, «TRZ-AGRO» серіктестігіне жылына 12 мың тонна өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасын салып жатыр. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Оның 995 млн теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Компания сонымен қатар жылына 7 мың тонна өнім өндіретін ет комбинатын салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны 3,1 млрд теңге, оның 2 млрд теңгесі аталған бағдарлама аясында қарастырылған. Кәсіпорын ет өнімдерін қайта өңдеумен және өндірумен айналысады. Нысанды 2026 жылдың IV тоқсанында іске қосу көзделген.

Бұдан бөлек, жыл бойы жұмыс істейтін қуаттылығы 1 536 тонна болатын заманауи кешен салу жоспарланған. Жобаның құны 1,5 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2026–2027 жылдар.

Бұл жобалардың іске асырылуы мемлекеттік қолдау шараларының нақты инвестицияларға, жаңа өндірістік қуаттар мен жұмыс орындарына жол ашып отырғанын көрсетеді. Шикізат базасын дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және заманауи сақтау инфрақұрылымын қалыптастыру ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.