
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 2026 жылғы 1 қазаннан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдауды бастайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%.
Аталған бағдарлама бойынша ерте қаржыландыру тетігін корпорация алғаш рет 2024 жылдың соңында енгізген болатын. Бұл аграршыларға алдағы маусымға алдын ала дайындалып, егіс науқаны басталғанға дейін негізгі шығындарын жоспарлауға мүмкіндік беріп келеді. Алдағы жылғы маусымда да ерте қаржыландыру жолға қойылған.
Осы ретте «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2026 жылы 1 қазанда басталады.
Ерте қаржыландырудың тиімділігі өз нәтижесін беріп келеді. Сала кәсіпкерлері үшін бұл бүкіл өндірістік кезеңге алдын ала дайындалу үшін өте зор мүмкіндік. Атап айтқанда, қажетті ресурстарды сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеп, алдағы шығындарын жоспарлайды.
Қазіргі уақытта бағдарламаның қаржыландыру көлемі де айтарлықтай өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Кең дала 2» бағдарламасы аясында, оның ішінде ерте қаржыландыру есебінен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 501,5 млрд теңге көлемінде қаржы берілді.
Ал биылғы жылғы маусым бойынша 16 қыркүйектегі жағдайға сәйкес 664,4 млрд теңге берілді.
Сонымен қатар бағдарлама қаражатына қол жеткізу мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Мәселен, қаржыны екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалдық желісі арқылы тікелей алуға болады.