ФАО Қазақстандағы ветеринариялық эпидемиология саласының әлеуетін арттыруда

ФАО Қазақстандағы ветеринариялық эпидемиология саласының әлеуетін арттыруда

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Астана қаласында ветеринария саласы мамандарына арналған практикалық семинар өткізуде. Бес күндік оқу барысында мамандар эпидемиологиялық қадағалау жүргізу, тәуекелдерді бағалау және жануарлар арасында таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу мен бақылау бойынша білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.

Аталған семинар ФАО-ның Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ветеринариялық эпидемиология саласының әлеуетін арттыруға бағытталған тұрақты қолдауы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл жұмыс ветеринариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу және олармен күресу тәсілдерін одан әрі дамытуға бағытталған.

Семинарға Қазақстанның түрлі өңірлерінен ветеринария саласының мамандары қатысуда. Оқу барысында олар эпидемиологиялық қадағалау жүргізу, тәуекелдерді бағалау және ауру жағдайларын жан-жақты зерттеу бойынша тәжірибе жинақтайды.

«Эпидемиология саласындағы кәсіби дағдыларды дамыту ветеринариялық қызметтердің ауруларды дер кезінде анықтап, негізгі тәуекелдердің қай жерде және қандай деңгейде шоғырланғанын бағалап, соған сәйкес жедел әрі нақты шаралар қабылдауы үшін өте маңызды. Бұл семинар қатысушыларға күнделікті жұмысында қолдана алатын құралдарды меңгеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар эпидемиологиялық қадағалау деректерін талдаудан бастап, ауру ошақтарын зерттеу және тәуекелдерді бағалауға дейінгі жұмыстарды қамтиды», — деді ФАО-ның ветеринариялық эпидемиологы Хавьер Гитьян-Мартинес.

Семинар бағдарламасы ветеринариялық эпидемиологияның жануарлар денсаулығын қорғаудағы маңызын түсіндіруге және оның мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға арналған.

Оқу сессиялары барысында қатысушылар аталған саланың негізгі қағидаларымен танысып, деректерді талдау мен түсіндіру, тәуекел факторларын анықтау және бағалау, сондай-ақ жұқпалы аурулардың жекелеген жағдайлары мен өршу себептерін зерттеу әдістерін игереді.

Теориялық сабақтардың нақты жағдайларға негізделген жаттығулар мен түрлі іс әрекеттермен ұштастырылуы қатысушылардың алған білімдерін іс жүзінде бекітеді. Мұндай тәсіл мамандардың жануарлар денсаулығына қатысты күнделікті міндеттерді тиімді шешуге қажетті практикалық дағдыларын нығайтуға ықпал етеді.