
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі агроөнеркәсіп кешеніне қатысты ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Министр бірқатар шаруашылықтың тыныс-тіршілігін көріп, өндірістік әлеуеті мен алдағы даму жоспарларына назар аударды.
Солардың бірі – 6 мың бас сауын сиырға арналған «Евразия инвест» серіктестігінің тауарлық сүт фермасы.
Кешеннің 1,2 мың басқа арналған алғашқы кезеңі іске қосылған. Қазір 2,4 мың басқа арналған екінші кезеңнің құрылысы жүргізілуде. Үшінші кезеңнің құрылысын 2028 жылы бастау жоспарланған.
Кешен толық пайдалануға берілген кезде сауын сиыр саны 6 мың басқа жетпек. Төлін қоса есептегенде, жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Шаруашылық жылына 70 мың тоннадан астам сүт өндіруді межелеп отыр.
Мұнымен қатар шаруашылықтың өзіндік жемшөп қорын қалыптастыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Компанияның жалпы жер қоры 56 мың гектарды құрайды. Оның 10 мың гектары – суармалы жер.
Шаруашылықтағы қуаттылығы 35 мың тонна элеватордың мүмкіндігін 50 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Өндіріс үдерістері автоматтандырылған. Ал дәнді және майлы дақылдардың сапасы шаруашылықтың жеке зертханасында тұрақты бақылауда.
Мұнда сыйымдылығы 17 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы да жұмыс істейді. Қазір тағы үш қойманың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар іске қосылғанда өнім сақтау мүмкіндігі қосымша 35 мың тоннаға артады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Асхат» шаруа қожалығы кейінгі үш жылда егіс алқабын 1 мың гектардан 18 мың гектарға дейін ұлғайтқан. Оның 1,2 мың гектары – суармалы жер.
Алдағы уақытта шаруашылық мал шаруашылығын да кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 1,5 мың басқа арналған тауарлық сүт фермасын салу және бір мезгілде 5 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін алаң құру көзделген.
Сонымен бірге 500 гектар алқапта картоп өсіруді қолға алып, суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізу межеленген.
Министр барған келесі нысан – «МФ Рамадан» серіктестігінің тауарлық сүт фермасы. Мұнда құны 4,8 млрд теңге болатын өндіріс қуатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге асырылуда.
Қазір фермада 1 мыңнан астам ірі қара бар. Мал басы 1,5 мыңға дейін жеткізілмек. Жоба толық аяқталғаннан кейін шаруашылық тәулігіне 27 тонна сүт өндіретін болады.
«Сүтті мал шаруашылығын дамыту – басым бағыттардың бірі. Бүгінде сүт өндіру көлемін арттырумен бірге, оны жоғары сапада отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына үздіксіз жеткізу маңызды.
Бұл үшін заманауи тауарлық сүт фермаларын дамыту, малдың генетикалық әлеуетін жақсарту арқылы өнімділігін арттыру, автоматтандырылған технологияларды енгізу және өзіміздің жемшөп қорымызды қалыптастыру қажет. Осындай кешенді тәсіл өндірістік шығындарды азайтып, шаруашылықтардың тиімділігін арттырады», – деді Айдарбек Сапаров.
Жұмыс сапарының соңында министр инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде орындауды және кәсіпорындардың жоспарланған өндірістік қуатына дер кезінде шығуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ суармалы егіншілікті дамытуға, жемшөп қорын нығайтуға, заманауи технологияларды кеңінен енгізе отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға айрықша мән беруді тапсырды.