
Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына ветеринариялық құжаттарсыз 252 мың дана тауық жұмыртқасын кіргізудің жолы кесілді.
«Жайсаң» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР АШМ ВБҚК Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері Ресей Федерациясынан Байқоңыр қаласына бағыт алған көлік құралын бақылау барысында тасымалданатын жүкке қажетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екенін анықтады.
Аталған құқық бұзушылық бойынша тиісті акт және әкімшілік хаттама толтырылып, жұмыртқа Ресейге кері қайтарылды.
Тасымалдаушыға ветеринариялық заңнама талаптары және бақылаудағы өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидалары түсіндірілді.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бақылаудағы өнімдердің мемлекеттік шекара арқылы өткізілуін қатаң бақылауды және тиісті ветеринариялық құжаттарсыз өнімдердің әкелінуіне жол бермеуге қатысты шараларды күшейтуді жалғастыратын болады.