
Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндіру көлемін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру жалғасып жатыр. «СК Агро 2050» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасына Германиядан голштин-фриз тұқымының 165 асыл тұқымды қашарының алғашқы партиясы жеткізілді.
Қарағанды әуежайында қажетті рәсімдерден өткеннен кейін малдар Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан сүт-тауарлы фермасына жеткізілді. Әкелінген малдар карантинге орналастырылып, онда ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың тиісті кешені жүргізілуде.
Жоба аясында барлығы жоғары өнімді 660 бас асыл тұқымды мал әкелу көзделген. Қалған 495 қашар кезең-кезеңімен жеткізіледі.
Асыл тұқымды мал сатып алу Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. «Береке» бағдарламасы бойынша осы бағытты іске асыруға «Солтүстік» ӘКК арқылы 1,4 млрд теңге қаржыландырылды.
Жоғары өнімді асыл тұқымды мал әкелу кәсіпорынға сапалы аналық мал тобын қалыптастыруға, сауын табынды ұлғайтуға және сүт өндірісінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау кәсіпорынды технологиялық жаңғыртуға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге жағдай жасап отыр.
Жоба аясында сүт-тауарлы фермасындағы мал басын кезең-кезеңімен 12 мың басқа дейін жеткізу жоспарланған. Кешен жобалық қуатына шыққаннан кейін тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіру күтілуде. Сонымен қатар жобаны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту, отандық өнім өндірісін арттыру және асыл тұқымды мал қорын нығайту – мемлекеттік аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Жоғары өнімді асыл тұқымды малды пайдалану сүт өндірісінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.