Қазақстан мен Қырғызстан фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Қырғызстан фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Алматы қаласында «Ауыл шаруашылығындағы трансшекаралық зиянды организмдерді басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастық — Transboundary Plant Health Dialogue 2026» атты халықаралық семинар өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстанның мемлекеттік органдарының, ғылыми және білім беру ұйымдарының, бейінді мекемелерінің, сондай-ақ халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты.

Қатысушылар трансшекаралық фитосанитариялық қатерлердің алдын алу және оларды бақылау мәселелерін, оның ішінде карантиндік және аса қауіпті зиянды организмдердің, өсімдік аурулары мен арамшөптердің таралуына жол бермеу шараларын талқылады.

Мұндай қатерлерді тиімді басқару елдердің іс-қимылдарын үйлестіруді, ақпаратпен жедел алмасуды, бірлескен мониторинг жүргізуді, диагностика жүйесін жетілдіруді және ерте ескерту тетіктерін дамытуды талап ететіні атап өтілді.

Өсімдіктерді қорғау саласында заманауи технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, фитосанитариялық қатерлерді анықтау және мониторингтеу үшін Жерді қашықтан зондтау, Big Earth Data, спутниктік мониторинг, ұшқышсыз ұшу аппараттары, заттар интернеті датчиктері және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері қаралды.

Семинардың негізгі практикалық нәтижелерінің бірі — Қазақстан мен Қырғызстанның бейінді ұйымдары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Құжатқа Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігі жанындағы Қайта өңдеу өнеркәсібі және органикалық ауыл шаруашылығы департаменті, Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және «Қырғызстанның орман және жер пайдаланушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі қол қойды.

Меморандум ғылыми зерттеулер, фитосанитариялық тәуекелдерді мониторингтеу, ақпарат пен технологиялар алмасу, мамандар даярлау, сондай-ақ бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, трансшекаралық фитосанитариялық қатерлерді анықтау және олардың алдын алу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өсімдіктерді қорғаудың заманауи әдістерін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Семинардың өткізілуі және меморандумға қол қойылуы фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды практикалық қадам болды.