
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірге жұмыс сапары барысында егін жинау жұмыстарының қарқыны, егістіктердің жай-күйі, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, шаруашылықтарды қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпорындардың жиналған өнімді қабылдап, сақтауға дайындық жағдайларымен танысты.
Өңірде дәнді және майлы дақылдарды, картоп пен көкөністі жинау жұмыстары жалғасуда.
Бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 595,8 мың гектар алқаптан жиналды. Бұл жалпы егіс алқабының 75,5%-ын құрайды. Сонымен қатар 429,7 мың тонна картоп, 125,1 мың тонна көкөніс, 51 мың тонна бақша дақылдары және 8,9 мың тонна майлы дақылдар жиналды.
Жұмыс сапары барысында министр барған нысандардың бірі – «Родник» шаруа қожалығы. Мұнда Айдарбек Сапаров көкөніс дақылдарының жай-күйімен танысты.
Шаруашылық картоп пен көкөніс өндіруге маманданған және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Осы ретте өнімдерді сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Набережное ауылында Айдарбек Сапаров «Andas Agro» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасына барып, картопты сақтау жағдайын көрді.
Заманауи кешен желдету және салқындату жүйелерімен жабдықталған. Бұл өнімді ұзақ уақыт жоғары сапада сақтауға, табиғи шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын картоп өсірумен қатар, суармалы жерлердің ауқымды алқаптарын тиімді пайдалана отырып, мал азығын өндіру және сүтті мал шаруашылығын да дамытып келеді.
Қызылағаш ауылында министр «Болаттар» серіктестігінің картоп алқаптарын аралап, егістіктердің жай-күйі мен егін жинау жұмыстарының барысымен танысты.
Сондай-ақ жұмыс Айдарбек Сапаров өсімдік және мал шаруашылығына маманданған «Егімбай» шаруа қожалығына барды.
Қожалық биыл алғаш рет картоп егіп, орта есеппен гектарына 50 центнер өнім алды.
Министр қазіргі кезеңдегі негізгі міндет егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде әрі уақтылы аяқтау екенін атап өтті.
«Бүгінде аграршылардың алдында тұрған басты міндет – өнімді жинап қана қоймай, оның сақталуын қамтамасыз ету. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын дамыту стратегиялық маңызға ие. Заманауи көкөніс сақтау қоймалары өнім шығынын барынша азайтуға, сапасын сақтауға және маусымаралық кезеңде нарыққа тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де қатысты маңызды мәселе», – деді Айдарбек Сапаров.
Жұмыс сапарының соңында министр егін жинау науқанын уақтылы аяқтау, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.