Айдарбек Сапаров: АӨК-ке көрсетілген мемлекеттік қолдау нақты өндірістік нәтиже беруі тиіс

Айдарбек Сапаров: АӨК-ке көрсетілген мемлекеттік қолдау нақты өндірістік нәтиже беруі тиіс

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, «Галицкое» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Кездесуде егін жинау науқанының қарқыны, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі, мал шаруашылығын жедел дамыту, өндіріс орындарын жаңғырту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.

Министрдің айтуынша, елімізде егін жинау науқаны жоспарға сай  жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 9,8 млн гектар алқаптан жиналды. Бұл жалпы егіс алқабының 62,8 пайызына тең. Қазірдің өзінде 13,8 млн тонна астық бастырылды.

Биылғы егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Өткен жылдың осы кезеңінде 4,1 млн гектар алқаптан өнім жиналып, 9,3 млн тонна астық бастырылған болатын. Негізгі егін жинау жұмыстарын қазан айының ортасына дейін аяқтау межеленген.

Павлодар облысы да республикалық орташа көрсеткіштен жоғары қарқын көрсетуде. Өңірде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 595,8 мың гектар алқаптан жиналып,  жалпы егіс алқабының 75,5 пайызын құрады.

Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдары бойынша өңірде 429,7 мың тонна картоп, 125,1 мың тонна көкөніс және 51 мың тонна бақша дақылы жиналды.

Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін де ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін одан әрі арттырып, қайта өңдеу көлемін ұлғайту және отандық шикізат қорын нығайту қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде мемлекет агроөнеркәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Биыл саланы қолдауға 1 трлн теңге қарастырылған.

Бұл ретте бөлінген қаражатты тиімді игере отырып, салаға нақты  нәтиже әкелуін қамтамасыз ету керек.  Яғни өндіріс көлемін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын ұлғайту қажет», – деді министр.

Кездесуде мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Саланы дамытудың кешенді жоспары аясында 220 млрд теңге қарастырылған. Оның алғашқы 80 млрд теңгесі жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталды.

Бүгінде алыс шетелдерден 6 мың бас ірі қара әкелінді. Ел ішінде 30 мыңнан астам бас мал сатып алынды. Қазан айында тағы 70 млрд теңге бөлу көзделген.

«Біз саланы қалыпты қарқыннан жеделдетілген даму деңгейіне көшіруіміз керек. Заманауи технологияларды кеңінен пайдаланып, малдың тұқымдық сапасын жақсарту және сонымен бірге тұрақты жемшөп қорын қалыптастыру қажет», – деді Айдарбек Сапаров.

Жұмыс сапары аясында министр және облыс әкімі Асаин Байханов  Успен ауданындағы «Галицкое» серіктестігіне барды. Бұл – мал азығын өндіру, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және дайын өнім шығару  бір жүйеге біріктірген толық өндірістік циклді кәсіпорын.

Қазіргі таңда шаруашылықта малды еркін ұстау тәсілі қолданылатын үш тауарлық сүт фермасы жұмыс істейді. Онда 2 120 бас мал бар. Кәсіпорындағы жалпы ірі қара саны 4,7 мыңнан асады.

Сауын жұмыстарын автоматтандыру және өндірістік нысандарды жаңғырту кәсіпорынға мал өнімділігін арттырып, сүт өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Өндірілген сүт «Павлодар Молоко» серіктестігінің зауытында қайта өңделеді. Мұнда «Галицкое» сауда белгісімен айран, қаймақ, сүзбе, сары май және басқа да сүт өнімдері шығарылады.

Кәсіпорында ет және өсімдік майын өндіру бағыттары да дамып келеді. Онда жылына 11 тоннаға дейін сиыр етінен тартылған ет, 4 тонна ет консервілері және жартылай дайын өнімдердің бірнеше түрін шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның күнбағыс майын тазарту өндірісінің қуаты тәулігіне 3,6 тонна шикізатты өңдеуге жетеді.

Биыл егіс алқабының жалпы көлемі 37,5 мың гектарды құрады. Оның 25 мың гектардан астамына дәнді дақылдар, 5,1 мың гектарына майлы дақылдар, ал 7,2 мың гектардан астамына жемшөп дақылдары мен сүрлемдік жүгері егілді.

Өндіріс тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында кәсіпорын жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын екі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Құны 2,2 млрд теңгелік  алғашқы жоба 459 гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруды көздейді. Жоба аясында үш жаңбырлатқыш қондырғы сатып алу, бес ұңғыма қазу, сорғы станциясын салу және су жинайтын тоған жасау жоспарланған.

Жоба іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 18,1 мың тоннаға дейін сүрлемдік жүгері өндіруді жоспарлап отыр. Бұл сүт фермаларының жемшөп қорын едәуір нығайтып, сырттан әкелінетін жемшөпке тәуелділікті азайтады.

Тағы  сыйымдылығы 7,5 мың тонна болатын картоп пен көкөніс сақтайтын қойма салуға 1,4 млрд теңге жұмсалады. Жаңа нысан өнімді жыл бойы сақтап, сақтау және тасымалдау кезінде болатын шығындарды азайтып, өнімді өткізудің тиімділігін арттырады.

Өндірістік нысандарды, сауу және сүт өңдеу блоктарын, сондай-ақ мал басын басқарудың цифрлық жүйелерін аралау барысында Айдарбек Сапаров автоматтандыруды және заманауи технологияларды одан әрі енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Министрдің айтуынша, технологиялық мүмкіндігі жоғары, заманауи құралдармен жабдықталған шаруашылықтар агроөнеркәсіптік кешенді сапалы жаңғыртудың негізіне айналуы тиіс. Бұл ретте тиімділіктің басты өлшемі нақты экономикалық және өндірістік нәтиже болуы қажет.

«Бүгінде аграршыларға қаржылай қолдау көрсетіліп, қажетті құралдар беріліп отыр. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әрбір шаруашылықта нақты нәтижеге қол жеткізу. Біздің ортақ міндетіміз – жай ғана мол өнім жинау емес, бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және жермен фермерлердің адамдардың табысын арттыру», – деді Айдарбек Сапаров.