АӨК-ті цифрландыру: субсидиялар мен жануарларды есепке алудан бастап ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жүргізуге дейін

АӨК-ті цифрландыру: субсидиялар мен жануарларды есепке алудан бастап ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жүргізуге дейін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруалар үшін ең қажетті мемлекеттік қызметтер мен процестерді қамтитын негізгі ақпараттық жүйелері таныстырылды. Бүгінде субсидия алу, ауыл шаруашылығы жануарларын туған сәтінен бастап союға және өнімді өткізуге дейін сәйкестендіру және қадағалау, фитосанитариялық және ветеринариялық сертификаттар беру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мониторингі, сондай-ақ балық және су ресурстарын есепке алу цифрлық форматта қолжетімді.

Алдағы екі жылда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қадағалануын және ауыл шаруашылығы жерлерін басқаруды қамтамасыз ететін жаңа жүйелерді іске қосу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесін жаңғырту жоспарлануда. 2028 жылдың соңына дейін салалық ақпараттық жүйелерді АӨК-нің бірыңғай цифрлық платформасына біріктіру көзделіп отыр.

Мемлекеттік цифрлық субсидиялау жүйесі – МЦСЖ (gosagro.kz) бүгінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, қайта өңдеу, аквамәдениет және басқа да бағыттарды қоса алғанда, 20 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шараларын электрондық түрде алуға мүмкіндік береді. Жүйе басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарымен, оның ішінде Кадастрлардың бірыңғай мемлекеттік жүйесімен, электрондық шот-фактуралар жүйесімен және ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесімен интеграцияланған. Субсидия сомаларын есептеу ұсынылған құжаттардың негізінде автоматты түрде жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды мониторингтеу үшін 2023 жылы пайдалануға берілген JerInSpectr платформасы қолданылады. Ол жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланады және мемлекеттік органдарға жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес нақты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жүйе пайдалануға берілген кезеңнен бері жер заңнамасының ықтимал бұзушылықтарының анықталған фактілері немесе белгілері бойынша 50 мыңнан астам инцидент карточкасы қалыптастырылып, өңделген. Әрбір мұндай карточкада жағдайды талдауға, мониторинг жүргізуге және тиісті шаралар қабылдауға қажетті ақпарат қамтылады.

Қазіргі уақытта платформа «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен бірлесіп жаңғыртылуда. Деректерді тереңірек талдау, оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйін бағалау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделіп отыр. Серік Жұманғарин шешім қабылдау процестеріндегі адами фактордың ықпалын барынша азайту үшін осы процестерді одан әрі автоматтандыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Цифрландырудың жеке бағыты өнімнің қадағалануын қамтамасыз етуге байланысты. E-Fish ақпараттық жүйесі балық өнімдерінің су айдынынан бастап түпкі тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Бүгінде жүйеде 1 221 субъект тіркелген, жүйе балық аулаудың барлық кәсіптік нысандары мен балық өсіру шаруашылықтарын қамтиды. Жүйеде өткізуге түсетін ауланған балықтың әрбір килограмы есепке алынады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, саланың ашықтығын арттырудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 7%-ға қысқарған.

Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің ақпараттық жүйесі (АЖЖ) мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін есепке алуды және қадағалауды қамтамасыз етеді. Жүйеде облыстар мен ауылдық округтер бөлінісінде 39 млн-нан астам ауыл шаруашылығы жануары туралы өзекті мәліметтер қамтылған. Әрбір жануарға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Жүйеде зертханалық зерттеулер мен басқа да ветеринариялық рәсімдер туралы деректер қалыптастырылады. Бұл жануардың туған сәтінен бастап союға және кейіннен өнімді өткізуге дейінгі бүкіл тарихын қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тірі мал мен етті экспортқа шығаруды қадағалау сервисі жұмыс істейді.

Бизнес өкілдері мен пайдаланушылардың ескертулерін ескере отырып, АЖЖ жаңғыртылуда. Оған сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын, мектептерді және басқа да ұйымдарды қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қолданыстағы процестерге қосымша тағы төрт жаңа цифрлық сервисті құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyk банкімен бірлесіп салалық үдерістерді оңтайландыру және цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші кезеңде негізгі назар мал шаруашылығына аударылды. Мамандар жануарларды сәйкестендіру, есепке алу, орнын ауыстыру және есептен шығару бойынша қолданыстағы үдерістерді, оның ішінде тікелей шаруашылықтар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы процестерді талдады. Нәтижесінде қолмен орындалатын операцияларды қысқартуды, деректердің қайталануын жоюды және ашықтықты арттыруды көздейтін жаңа процестік модельдер қалыптастырылуда.

Бір мезгілде салалық деректер қоймасы мен АӨК-ті цифрлық трансформациялаудың мақсатты архитектурасы құрылуда, QazTech платформасында алғашқы цифрлық сервистер әзірленуде. Барлық жұмыстың стратегиялық мақсаты – бірыңғай Digital Agro Platform цифрлық экожүйесін құру. Ол АӨК-тің салалық жүйелерін, жер ресурстарының цифрлық картасын біріктіріп, деректерді Smart Data Agro жүйесінде шоғырландыруы тиіс. Платформа өнімдердің бүкіл тізбек бойынша қадағалануын қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологиялары мен заманауи BI-талдауды қолдануға, фермерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және саланы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. АӨК-тің бірыңғай цифрлық платформасын қалыптастыруды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Таныстырылым қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрлігінің цифрлық блогы жұмысының оң нәтижелерін атап өтті. Ол ақпараттық жүйелерді жетілдіру мен интеграциялауды белгіленген мерзімде аяқтауды, сондай-ақ ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайлы болуға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді АӨК-ке енгізуді жалғастыруды тапсырды.