2035 жылға қарай Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 73 мыңға жуық жұмысшы маман қажет болады

2035 жылға қарай Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 73 мыңға жуық жұмысшы маман қажет болады

Қазіргі уақытта Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде шамамен 1,1 млн адам жұмыс істейді. Оның 595 мыңы немесе 55%-ы – жұмысшы мамандар. Саланың 2035 жылға дейінгі даму перспективаларын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешеніне шамамен 73 мың білікті жұмысшы кадр қажет болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Қазіргі уақытта елімізде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы өндірушісі жұмыс істейді. Жыл сайын аграрлық колледждерге шамамен 4,8 мың студент қабылданады. Оның 3,8 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында білім алады.

Агроөнеркәсіп кешені үшін кадрлар 17 мамандық пен 61 біліктілік бойынша даярланады. Білім беру бағдарламалары өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, механикаландыру және басқа да бағыттарды қамтиды.

Дуальды оқытуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Колледждердің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен ынтымақтастығы кеңейіп, жұмыс берушілер өндірістік практиканы ұйымдастыруға және болашақ мамандар даярлауға белсенді қатысуда.

Еліміздің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өндірістік практиканы ұйымдастыру және түлектерді кейіннен жұмысқа орналастыру туралы келісімдер жасалуда. Мұндай тәсіл студенттердің практикалық дағдыларды тікелей өндірісте меңгеруіне мүмкіндік береді және олардың еңбек нарығындағы сұранысын арттырады.