
Рим қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Балық шаруашылығы комитетінің 37-сессиясы өтуде.
Қазақстанның халықаралық деңгейдегі жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысуда.
Қазақстандық делегацияның COFI37 жұмысына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық әлемдік тәжірибені зерделеу және енгізуге, сондай-ақ су биоресурстарын тұрақты пайдалану саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Сессия барысында су биоресурстарын тұрақты басқару, акваөсіруді дамыту және балық шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқылануда.
COFI37 – әлемдік балық шаруашылығы мен акваөсіруді тұрақты дамыту бағыттарын айқындауға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Отырыс барысында ФАО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері саланың өзекті мәселелерін талқылауда. Атап айтқанда, акваөсіруді дамыту, заңсыз, хабарланбаған және реттелмеген балық аулауға қарсы іс-қимыл, балық шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу, су биоресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, сондай-ақ шағын ауқымды балық аулауды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
«Бүгінде саланың алдында су биоресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, акваөсіруді дамыту және балық ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу міндеттері тұр. COFI37 аясында біз отандық балық шаруашылығын одан әрі жетілдіру үшін қажетті озық тәжірибелер мен халықаралық стандарттарды зерделеуді жоспарлап отырмыз», – деді Серік Сермағамбетов.
Қазақстан үшін климаттық және экологиялық факторларды ескере отырып, акваөсіруді дамыту және саланың тұрақтылығын арттыру мәселелерінің маңызы зор. Осыған байланысты халықаралық тәжірибені зерделеу және су биоресурстарын басқарудың тиімді тетіктерін енгізу балық шаруашылығын одан әрі дамытудың маңызды бағыттарының бірі.
ФАО Балық шаруашылығы комитетінің 37-сессиясы ұйымның Римдегі штаб-пәтерінде өтіп, 2026 жылғы 11 қыркүйекке дейін жалғасады.