
Агроөнеркәсіп саласындағы ірі жетістік тарихтарының бастауы әрдайым мұқият есептелген бизнес-жоспар бола бермейді. Кейде үлкен істің іргетасы қарапайым қамқорлықтан басталады. 2015 жылы Наталья Юдина отбасын және балаларын таза, табиғи сүтпен қамтамасыз ету үшін қайын жұртына сиыр сатып алуды ұсынды. Ол кезде бұл шағын отбасылық бастаманың бірнеше жылдан кейін құны 1,7 млрд теңге болатын «Северное» атты заманауи фермаға айналатынын ешкім ойлаған жоқ.
Алғашында үй іргесіндегі шағын шаруашылық біртіндеп кеңейіп, сапалы өнімдерге достары мен көршілерінің сұранысы артты. Осыдан кейін толыққанды ферма құру идеясы пайда болды. Алғашқы инвестиция көлемі шамамен 40 мың долларды құраған. Алайда шаруашылықты жаңа деңгейге көтеру үшін ауқымды әрі жүйелі инвестиция қажет еді.
Кәсіпорынның дамуына мемлекеттік қолдау айтарлықтай серпін берді. «Солтүстік» ӘКК арқылы 1,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған кәсіпорын заманауи тауарлық-сүт фермасын салып, айршир тұқымының 400 асыл тұқымды сиырын сатып алды. Бүгінде шаруашылық 2,5 мың гектар жерді игеріп, мал азығын өз өндірісі арқылы толық қамтамасыз етіп отыр.
«Северное» брендінің басты ерекшелігі — заманауи технологиялар мен дәстүрлі қол еңбегінің үйлесімінде. Bugatti сауу жүйелері мен «Молэксперт» пастеризаторлары сүтті бастапқы өңдеуді қамтамасыз етсе, өндірістің соңғы кезеңі кәсіби шеберлердің қолымен атқарылады.
«Біз — еуропалық үлгідегі шағын ферма. Өз шикізатымызбен жұмыс істейміз және технологиялық талаптардың барлығын толық сақтаймыз. Ал сары май, сүзбе мен ірімшіктерді тек қолмен дайындаймыз. Қол еңбегі өндіріс көлемін шектейді, өйткені мұндай тәсілмен көп мөлшерде өнім шығару мүмкін емес. Сондықтан біз тек ішкі нарыққа жұмыс істейміз және өнімдерімізді авторлық рецептер бойынша дайындаймыз», — дейді Наталья Юдина.
Бүгінде ферма тәулігіне орта есеппен 1,5 тонна өз сүтін өңдейді. Ай сайын мұнда 3 тоннадан астам сүзбе, 1 тоннадан астам фирмалық ірімшік вафлиі, шамамен 200 кг авторлық және жас ірімшік, 80 кг-ға жуық табиғи сары май өндіріледі. Сонымен қатар қаймақ, кілегей, сүзбелі құймақ және вареник те бар.
Наталья Юдина әу бастан-ақ қандай жолмен болса да сауым көлемін барынша арттыруды мақсат еткен жоқ. Фермадағы мал байлаусыз ұсталады, таза ауада тұрақты серуендейді. Оларға күтім жасау еуропалық ветеринариялық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі.
«Біз өнеркәсіптік алыптармен бәсекелеспейміз. Біздің өнімді табиғи сүтті саналы түрде таңдайтын, қауіпсіздікті бағалайтын және не үшін ақша төлеп отырғанын түсінетін адамдар сатып алады. Отандық өнімдер өндірісін дамытып, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі өнім шығаруға болатынын дәлелдеп отырғанымызға қуаныштымыз», — дейді ферма негізін қалаушы.
Қазір кәсіпорынның басты міндеті — қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, өндірістік қуатын барынша арттыру. Осы мақсатта фермада биыл қараша айында мал басының толық құрамын қабылдау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта Наталья Юдина «Северное» фермасын көпсалалы агрокешенге айналдыруды жоспарлауда. Ол үшін өз астығы мен ұнын өндіруді жолға қою, ет бағытындағы өндірісті дамыту және жылыжайлар салу көзделген.
Наталья Юдинаның жетістік тарихы — өз ісіне деген адалдық, іскерлік, еңбекқорлық кез-келген бастаманы ірі табыс көзіне айналдырып қана қоймай, ел игілігі жолындағы абыройлы қызметке жеткізудің жарқын үлгісі.