Қазақстан мен Қытай аграрлық саладағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Қазақстан мен Қытай аграрлық саладағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Қазақстан 8-ші Қытай астық саудасы конференциясына қатысуда. Қазақстандық делегацияны ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова бастап барды.

Жұмыс сапары аясында вице-министр Қытай Халық Республикасының Азық-түлік және материалдық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсинмен кездесті.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жай-күйін, өзара сауда көлемін арттыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту шараларын талқылады.

«Қытай – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен саласындағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Географиялық жақындық, экономикаларымыздың өзара үндестігі және азық-түлікке деген сұраныстың артуы тиімді ықпплдастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастырады. Біз өнімдерімізге сұранысты күшейтуге және оларды Қытай нарығына шығарудың жаңа жолдарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жүйелі әріптестікті дамытуға мүдделіміз», – деді Назгүл Хатепова.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сауда көлемі 36,8%-ға өсіп, 1,97 млрд АҚШ долларына жетті.

Тараптар сауда көлемін одан әрі арттыру және өзара жеткізілетін өнім түрлерін көбейту үшін үлкен мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Вице-министр Қытай тарабына ұзақ мерзімді ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған бірқатар ұсынысты таныстырды.

Атап айтқанда, екі ел арасында жеткізілетін өнім түрлерін көбейту, астық пен майлы дақылдарды, соның ішінде Қытайдың стратегиялық қорын қалыптастыру үшін сатып алу көлемін арттыру ұсынылды.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу жобаларына Қытай инвестицияларын тарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен сақтау жүйесін дамыту мәселелері қаралды.

Қытай тарабы Қазақстанмен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және белгіленген бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ұсыныстарды одан әрі пысықтауға және екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мен кәсіпкерлері арасындағы байланысты күшейтуге уағдаласты.

Сондай-ақ вице-министр Хунань провинциясының губернаторы Мао Вэйминмен кездесті.
Онда Қазақстан мен Хунань провинциясы арасындағы нақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.

Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы серіктестікті жандандырумен қатар, Хунань провинциясының губернаторы Мао Вэймин бірлескен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасуды кеңейту жөнінде ұсыныс жасады.