Ермек Кенжеханұлы Қызылорда облысындағы инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысты

Ермек Кенжеханұлы Қызылорда облысындағы инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы өңірге жұмыс сапары барысында сүтті мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобалармен танысты.

Абай ауылында 800 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы салынуда. Жобаның инвестициялық құны – 7,6 млрд теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы орындалды, негізгі жабдықтардың 99%-ы жеткізілді. Жоба аясында голштин тұқымының 800 қашарын сатып алу көзделген. Кәсіпорында автоматтандырылған сауу жүйелері, малды ұстауға және өндірістік үдерістерді басқаруға арналған заманауи технологиялық шешімдер енгізіледі. Ферманы осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Вице-министр сондай-ақ «Абзал и К» компаниясының жаңа күріш өңдеу зауытына барды. Кәсіпорынның құны – 1 млрд теңге, өндірістік қуаты сағатына 12 тоннаға дейін күріш өңдеуге мүмкіндік береді. Өндірістік цикл автоматтандырылған, ал өнім сапасын бақылау онлайн режимде жүзеге асырылады.

Кәсіпорын өндірілетін өнімнің 50%-на дейінін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Негізгі өткізу нарықтары ретінде ТМД елдері, Моңғолия және Ирак белгіленген.

«Инвестициялық белсенділікті дамыту – саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етудің, оның тиімділігін арттырудың және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету, заманауи шешімдерді енгізу және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту маңызды», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Нысандарды аралау барысында өндірістік қуаттарды уақтылы іске қосуға және олардың одан әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныс-пікірлер назарға алынды.