13,5 млн гектар қайта бөлінген ауыл шаруашылығы жері, жасанды интеллектіні енгізу және аграрлық ғылымды дамыту: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары қалай орындалуда

13,5 млн гектар қайта бөлінген ауыл шаруашылығы жері, жасанды интеллектіні енгізу және аграрлық ғылымды дамыту: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары қалай орындалуда

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау жұмыстары елімізде жалғасып келеді. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы әкімдіктермен бірлесіп, қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, жер қатынастарын цифрландыру, қолданбалы аграрлық ғылымды дамыту және өндіріске заманауи технологияларды енгізу шараларын жүзеге асыруда.

Жайылымға – 5,5 млн гектар, ауыл шаруашылығы өндірісіне – 8 млн гектар

Негізгі бағыттардың бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін және заңнаманы бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары 2022 жылы басталды. Бұл жұмысты үйлестіру үшін Жұмыс комиссиясы құрылды.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған сәтте 13,5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылып, оның 6 млн гектары қайта бөлінген болатын. Қалған 7,5 млн гектар өңірлер бойынша бекітілген қайта бөлу жоспарларына енгізілді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, тағы 8 млн гектары ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілді.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 7,5 млн гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырма орындалды. Оның 3,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халыққа, 4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурстық негізде берілді. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру Жер кодексіне және конкурстар өткізу жөніндегі белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Өңірлерде жерді қайта бөлудің түрлі тетіктері қолданылады: тұрғындарға жайылымдарды бекітіп беру, жайылымдық жерлерді пайдалану құқығын беру, елді мекендердің шекарасын кеңейту және жерлерді резервке қою.

Айта кету керек, жерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл ретте қайтарылған жерді әділ қайта бөлуге және оларды одан әрі шаруашылық айналымына енгізуге баса мән берілуде. Жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, жұмыспен қамту және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады.

АӨК-ті цифрландыру: жасанды интеллект және деректер жер ресурстарын басқару тәсілдерін өзгертуде

Келесі кезең жер ресурстарын басқару тиімділігін арттырумен байланысты. Бұл бағытта цифрлық құралдарды, ғарыштық мониторинг пен геоаналитиканы қолдану аясы кеңейіп келеді.

Заманауи технологияларды пайдалану игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтауға, жердің жай-күйін бақылауға және оны бөлу процестерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Цифрландыру біртіндеп АӨК-ті ауқымды трансформациялаудың бір бөлігіне айналуда. 2026 жылы ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтілуде. Практикалық мысалдардың бірі – ара селекциясына және омарта шаруашылығын басқаруға арналған Apislab цифрлық платформасы. Платформаны еліміздің түрлі өңірлеріндегі омарта шаруашылықтары пайдаланып келеді.

Алдағы уақытта цифрлық шешімдер ресурстарды басқару мен селекциядан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін бақылау және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға дейінгі өндірістік процестердің барған сайын кең ауқымын қамтуы тиіс. 

34 ғылыми бағдарламаға 28,9 млрд теңге: әзірлемелер өндіріске келуі тиіс 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың тағы бір маңызды бағыты – аграрлық ғылымды және оның практикалық бағдарын дамыту. Осы мақсатта АӨК-ті дамыту тұжырымдамасына Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын (ҰАҒБО) тігінен интеграцияланған агрохабқа айналдыру жөніндегі шаралар енгізілген. 2024-2030 жылдарға арналған ҰАҒБО-ны дамытудың стратегиялық жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бүгінде ҰАҒБО – аграрлық саланың ғылыми-білім беру мекемелерін біріктіретін ғылымның мемлекетпен және бизнеспен өзара іс-қимыл операторы. Оның құрамына 33 еншілес ұйым кіреді, оның ішінде жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, ауылшаруашылық тәжірибе стансалары және тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтар бар. Мұндағы міндеттердің бірі материалдық-техникалық базаны жаңарту болып қала бермек. Тұқым шаруашылығы жөніндегі кешенді жоспар аясында 2019 жылдан бері алғаш рет республикалық бюджеттен 16,8 млрд теңге бөлінді.

2030 жылға қарай енгізуді 40%-ға жеткізу: аграрлық ғылым зерттеулерден нәтижеге көшуде


Ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Биыл 2024 жылы басталған жалпы сомасы 28,9 млрд теңге болатын 34 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыру аяқталмақ. Зерттеу нәтижелері егін шаруашылығында, мал шаруашылығында және өңдеу саласында іс жүзіне асуы керек. Мәселен, мемлекет тарапынан жүргізілетін сұрыптарды сынау жұмыстарына 115 жаңа сорт пен ауыл шаруашылығы дақылдарының будандарын беру, өңірлердің климаттық карталарын және топырақ жағдайын жақсартудың жаңа әдістерін ойлап табу жоспарлануда. Мал шаруашылығында ауыл шаруашылығы жануарларының ұлттық тұқымдарының генетикалық сипатын жақсарту, 11 жаңа сұрыптау нәтижелерін, малды бағу және жемдеудің 7 технологиясын жасап шығару көзделген. Қайта өңдеу саласында құналы тамақ өнімдерінің жаңа технологиялары және жалған өнімді анықтау әдістері әзірленуде.

Бұл жұмыстардың тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу. 2030 жылға қарай олардың үлесін 40%-ға дейін арттыру міндеті қойылды. Қазір бұл көрсеткіш 22%, ал 2023 жылы 17% және 2024 жылы 19% болған. Осы мақсатта ҰАҒБО-ға қарасты Трансферт және коммерцияландыру орталығының қызметі қайта қаралды. Оның міндеті – ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде асыруды жеделдету және зерттеу нәтижелерін сұранысқа ие өнімдерге, технологиялар мен қызметтерге айналдыу. Ғылыми институттар, университеттер мен аграрлық бизнес арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілуде, мәселен: техникалық міндеттерді анықтау кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің нақты қажеттіліктері ескеріледі.

«Батырхан», вирусы жоқ тамыр сабақтары және «Апорт»: әзірлемелер шаруашылықтарға енгізілуде

Аграрлық ғылымның практикалық бағыты, әсіресе, отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту саласында байқалады. 2026 жылы селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасуда. Сортты жасап шығару мен мемлекет тарапынан сортты сынаудан бастап тұқым өндіруге, оны кеңінен жолға қоюға және шаруашылықтарға енгізуге дейінгі дәйекті тізбек қалыптасуда.

Биылғы нәтижелерінің бірі ретінде топырақтың құрғап, сортаңданып кетуіне төзімді жаздық «Батырхан» арпасының жаңа сорты жасап шығарылғанын атап өтуге болады. Сорт мемлекет тарапынан жүргізілетін сортты сынаудың одан арғы процедураларынан өту үшін дайындалған. Вирусы жоқ егу материалының өндірісі де дамуда. Наурыз айында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ мен Оңтүстік Кореяның VITROSYS INCORPORATION компаниясы in vitro технологияларын қолдана отырып, тұқымдық картоп өндіру жүйесін құру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Алматы облысында да алма ағашының вирусы жоқ тамыр сабақтарын өсіру үшін база құрылуда. Сәуір айында Нидерландыдан 7 мыңнан астам тамыр сабағы жеткізілді, сонымен бірге еліміздің ішінде де in vitro әдісімен егу материалының өндірісі дамытылуда. Отандық «Апорт» сортын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Вирусы жоқ генетикалық материалдар қалыптасуда, үлгілерді молекулалық-генетикалық сәйкестендіру жүргізілуде және in vitro өсімдіктерді көбейту технологиясы дамуда.

Қазақстандық ғалымдар биопестицидтер мен мәрмәр қой етін өндіру технологияларын әзірлеуде 

Аграрлық ғылымды дамытудың маңызды элементі – халықаралық ынтымақтастықты нығайту.  2026 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында қалдықтарды басқару бойынша Халықаралық ғылыми-оқу зертханасы ашылды. Зертхана қалдықтарды қайта өңдеу, ресурстарды үнемдеу, тұрақты ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар бағыттарында зерттеулер жүргізеді.

Шілде айында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты биопестицидтерді әзірлеу және оларды өндіруді локализациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ғылыми ұйымдарда өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын, оның ішінде марокколық шегірткеге қарсы күресуге арналған Metarhizium anisopliae негізіндегі препараттарды сынау жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттың дамуы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өсімдіктерді қорғау құралдарының өндірісін кеңейтуге және импорттық химиялық препараттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Шілде айында тағы бір ірі жоба – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында халықаралық One Health Research орталығының ашылуы болды. Орталық биологиялық қауіпсіздік, микробиология, азық-түлік қауіпсіздігі және ветеринария салаларында зерттеулер жүргізумен, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларды және академиялық ұтқырлықты дамытумен айналысады. Зерттеулердің практикалық бағыты мал шаруашылығы саласына да қатысты. Ғылыми ұйымдар қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндіру, сондай-ақ сауынды түйелерге арналған отандық экструдталған құрамажем өндіру технологияларын әзірледі. Генетика, селекция, азықтандыру және жануарлардың өнімділігін арттыру бойынша зерттеулер жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін білімді тарату бағдарламасы жалғасуда: жаңа технологиялар мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері бойынша семинарлар, вебинарлар және консультациялар өткізілуде.

Аграрлық зерттеу бағытындағы жоғары оқу орындарын жаңғыртуға 57 млрд теңге қарастырылған

Аграрлық бағыттағы екі зерттеу университетін – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамытуға ерекше назар аударылуда.

Оларды дамыту бағдарламалары ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуды, материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды және аграрлық ғылым мен білім берудің заманауи халықаралық орталықтарын қалыптастыруды көздейді. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-ға 20,4 млрд теңге, ал ҚазҰАЗУ-ға 36,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Осылайша, аграрлық университеттер мен ғылыми ұйымдар біртіндеп тек кадр даярлау орталықтары ғана емес, сонымен қатар қолданбалы зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және оларды кейіннен өндіріске енгізу алаңдарына айналуда. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа технологиялық негізін қалыптастыруда. Қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, өндірісті кеңейтуге қажетті ресурсқа айналуда. Цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы алқаптары мен өндірістік үдерістерді басқарудың тиімділігін арттырса, қолданбалы аграрлық ғылым саланы жаңа сорттармен, технологиялармен және ғылыми әзірлемелермен қамтамасыз етуде. Бұл кезеңдегі басты міндет – атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тікелей жеткізіп, еңбек өнімділігінің артуы, ресурстарды пайдалану тиімділігінің жақсаруы және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігінің артуы түрінде нақты нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ету.