Еңбек адамы: Төлепберген Қалиев - ел ырысын еселеген дихан

Еңбек адамы: Төлепберген Қалиев - ел ырысын еселеген дихан

Диқан еңбегі — жай ғана кәсіп емес. Бұл — төзімділікті, жауапкершілікті және аса ұқыптылықты, жер тынысын сезетін шеберлікті талап ететін айрықша мамандық.

Төлепберген Қалиев — өмірінің басым бөлігін ауыл шаруашылығына арнаған жандардың бірі. Бүгінде ол Қызылорда облысында орналасқан «Abzal Company» серіктестігінің өндірістік бригадасын басқарады.

Еңбек жолын мал шаруашылығынан бастап, 1992 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін өмірін егіншілікпен байланыстырды.

Осы уақыттар ішінде өндірістік еңбектің барлық сатысынан өтті. Қатардағы еңбеккерден бригада басшысына дейін көтерілді. Мол тәжірибе жинақтап, жергілікті климат пен топырақтың ерекшеліктерін терең меңгерді. Ең бастысы, егіншіліктің қыр-сырына әбден қанықты.

2017 жылы Төлепберген Қалиев 4-ші өндірістік бригаданың бригадирі атанып, содан бері оның жетекшілігіндегі ұжым жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Өткен маусымда бригада 33 800 центнер өнім жинап, жұмыстың жоғары тиімділігі мен ұйымшылдығын көрсетті.
Биылғы жылдың болжамы да көңіл қуантады.

Жоғары көрсеткіштердің артында әрбір жұмысшының күнделікті маңдай тері мен мен жанкештілігі тұр. Бригадир үшін жұмысты дұрыс ұйымдастырумен қатар, адамдардың жанынан табылу да маңызды. Егіс алқабында, науқанның ең қызған кезеңдерінде, тұқым себу мен егін жинау науқандарында басы қасында өзі жүреді.

Көп жылғы табысты еңбегінің арқасында білікті маман ғана емес, жастарға жол көрсететін тәлімгер леңгейіне жетті.

Жинақтаған білімін әріптестерімен бөлісіп, мамандықтың қыр-сырын меңгеруге көмектеседі. Өзінің адал қызметі арқылы еңбектің наны тәтті екенін көрсетіп, адал еңбектен шынайы бақыт табуға болатынын көрсетіп келеді.

Төлепберген Қалиев отбасының да арқа сүйер қамқоры. Жұбайымен төрт бала тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінде жеті немеренің ақылшы атасы.

Саналы ғұмырын жер қазынасын ел игілігіне жаратуға арнаған дихан үшін егіншілік - жан қалауымен үндескен өмірлік маңызды кәсібіне айналды.