Түркістан облысында мал шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ

Түркістан облысында мал шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ

Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, агроөнеркәсіптік кешенде (АӨК) жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруда.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Түркістан облысында құрылысы аяқталып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының зауыты.

Кәсіпорын мал сүйектерін, оның ішінде жергілікті бордақылау алаңдарынан жеткізілетін шикізатты терең өңдеуге маманданатын болады. Өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін май және желатин өнімдерін өндіруге жол ашады.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңге. Алғашқы кезеңде 2,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорынның бірінші кезегін ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды.

Жобаның өңір үшін маңызы зор. Ол мал шаруашылығы шикізатын өңдеудің толыққанды өндірістік тізбегін қалыптастырады. Бұған дейін негізінен өндіріс қалдығы ретінде қарастырылған сүйектер енді қосылған құны жоғары өнім өндіруге қажетті шикізат ретінде пайдаланылатын болады.

Өндірісті одан әрі дамыту аясында инвестор шығарылатын өнім түрлерін кеңейту мәселесін де пысықтап жатыр. Атап айтқанда, мал сүйектерінен ыдыс-аяқ, жемшөп және басқа да өнімдер өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту – АӨК саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Заманауи қайта өңдеу кәсіпорындарын құру қосылған құнның жаңа тізбектерін ел ішінде қалыптастыруға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірлердің өндірістік әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу саласына инвестиция тарту, өндірістік қуаттарды кеңейту және ауыл шаруашылығы шикізатын кешенді пайдалануға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.