
Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында балық аулау және балық өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыруға, саланың тиімділігін көтеруге, экспорттық әлеуетті дамытуға және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өңірде 5 530 тонна балық ауланды.
Оның едәуір бөлігі сыртқы нарықтарға шығарылуда. Есепті кезеңде 4 643 тоннаға жуық балық өнімі экспортталды. Бұл жалпы ауланған балық көлемінің 84%-ын құрайды.
Экспорттың өсуі қазақстандық балық өнімдеріне шетелдік нарықтарда сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Бұл саланы одан әрі дамытуға серпін береді.
Өңір кәсіпорындары өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өндірістік әлеуетті жаңғыртып, өнім түрлерін кеңейтуде, балықты қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізіп, өткізудің жаңа нарықтарын игеруде.
Әсіресе, балықты қайта өңдеу секторын дамытуға, шикізатты өңдеу деңгейін арттыруға және өндірілетін өнімнің сыртқы нарықтардың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға, сондай-ақ өнімнің қосылған құнын ел ішінде арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта өңірде балық өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 8 кәсіпорын жұмыс істейді.
Балық шаруашылығын дамыту – агроөнеркәсіптік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру және өңірлер экономикасының дамуына ықпал ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Балық шаруашылығын дамыту жұмыстары тұрақты бақылауда.