Ұлытау облысында агробизнесті дамыту мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Ұлытау облысында агробизнесті дамыту мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен агроөнеркәсіптік кешенде жобаларын жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары кезең-кезеңімен ұлғайып келеді. Қаржыландыру көлемінің артуы кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға, қуаттылықтарын арттыруға және өңірдегі агробизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашуда.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ саланың негізгі бағыттары – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі бойынша қолдау көрсетеді.

Қаржыландыру алғандардың қатарында Жаңаарқа ауданында жүзеге асырылып жатқан екі жоба бар. Қолдау аясында «Берікбол» шаруа қожалығы мен «AL-AN2020» ЖШС қаржы алды.

«Берікбол» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру, бордақылау және өткізумен айналысады. Ол Жаңаарқа ауданындағы ірі бордақылау шаруашылықтарының бірі. Қазіргі таңда фермада 470 бас ірі қара мал және 64 жылқы бар.

Шаруашылықтың 1 280 гектар ауыл шаруашылығы жері, жеке өндірістік базасы және мал сою пункті бар. Мұнда тұрақты түрде 18 адам жұмыс істейді.

Қызметтің тағы бір бағыты – жергілікті шаруашылықтардан төл сатып алу. Аудан фермерлері өсірген төлдерін кейінгі бордақылау және өткізу үшін шаруашылыққа өткізеді. Бұл шаруашылықтар арасында тұрақты кооперация қалыптастырып, жергілікті өндірушілер үшін қосымша өткізу нарығын құруға мүмкіндік береді.

«AL-AN2020» ЖШС 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді және нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік және аспаздық өнімдер өндіруге маманданған.

Кәсіпорын өнімдерін өз наубайханасында өндіреді. Өнімдер өз супермаркеті арқылы өткізіледі, сондай-ақ заңды тұлғаларға келісімшарт негізінде жеткізіледі. Тұрақты тапсырыс берушілер қатарында балабақшалар, ұйымдар және басқа да корпоративтік клиенттер бар.

«Агробизнес» бағдарламасы аясында негізгі құралдарды сатып алуға берілген қаржы кәсіпорынның өндірістік базасын нығайтуға және өнім шығару көлемін арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар өңірде көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі де айтарлықтай өсті.

Егер 2023 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 20 млн теңге берілсе, 2026 жылы жобалар жалпы сомасы 706 млн теңгеге қаржыландырылды.

Тартылған қаражат егіс алқаптарын 9,7 мың гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жалпы, 2026 жылы Ұлытау облысындағы егіс алқаптарының көлемі 33 мың гектарды құрайды.

«2022 жылы Ұлытау облысы құрылған сәттен бастап негізгі міндеттердің бірі кәсіпкерлік пен АӨК-ті дамытуға жағдай жасау болды. Бүгінде несие портфелі бойынша да, қолдау көрсетілген жобалар саны бойынша да оң динамиканы көріп отырмыз. Қаржылық құралдардың ірі шаруашылықтардан бастап шағын кәсіпкерлерге дейінгі әртүрлі ауқымдағы кәсіпорындарға қолжетімді болғаны маңызды. Бұл өндірісті дамытуға, егіс алқаптарын кеңейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді тікелей өңірде нығайтуға мүмкіндік береді», – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Мейрам Құдайберген.

Филиал мәліметінше, қазіргі уақытта мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі салаларындағы жаңа жобаларды қаржыландыру жұмыстары жалғасуда.

Қолданыстағы қолдау құралдары кәсіпкерлерге негізгі қорларын жаңартуға, шаруашылықтарды қажетті айналым қаражатымен қамтамасыз етуге және өндірістік көрсеткіштерді арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте қосылған құны жоғары тізбекті дамытуға – ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен өндіруден бастап, оны қайта өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі бағытқа басымдық берілуде.

Қаржыландыруға қолжетімділіктің кеңеюі ауыл шаруашылығының өндірістік базасын нығайтуға, шаруашылықтар арасындағы кооперацияны дамытуға және қайта өңдеу көлемін арттыруға ықпал етеді. Мұның барлығы Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға және оның өңір экономикасына қосатын үлесін арттыруға негіз қалыптастырады.