
Қостанайдағы AGROMASH зауыты ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемнің жетекші компанияларымен ынтымақтастығын кеңейтіп келеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналары мен олардың құрамдас бөлшектерін өндіруге жеті халықаралық компания – Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products тартылды.
John Deere, Deutz-Fahr және Lovol компанияларымен жүзеге асырылып жатқан жобаларды, сондай-ақ отандық ESSIL комбайндарын өндіруді ескере отырып, кәсіпорын Қостанайда ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын ірі мультибрендтік орталықты кезең-кезеңімен қалыптастыруда. Халықаралық серіктестікті кеңейту өндірілетін өнім түрлерінің аясын ұлғайтып қана қоймай, заманауи технологияларды беру, жаңа өндірістік процестерді игеру және мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар AGROMASH өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруда. Кәсіпорында тораптар, бөлшектер мен құрамдас бөлшектерді өндіруді қоса алғанда, өндірістік операциялардың ел ішінде орындалатын үлесі ұлғаюда. 2021 жылдан бері кәсіпорында өндірісті жергіліктендіру орталығы жұмыс істейді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын алаңында 2 мыңнан астам бірлік өздігінен жүретін техника және ауыл шаруашылығы машиналарына арналған 300 мыңнан астам құрамдас бөлшек өндірілді. Құрамдас бөлшектер өндірісінің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда бес есеге өсті.
Өндірісті дамыту мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістегі техниканы жылдық 5% мөлшерлемемен, бастапқы жарнасыз және 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті лизинг бағдарламалары арқылы сатып ала алады. Сонымен қатар техниканың құнын 30%-ға дейін субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған.
Биыл жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыруға 350 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралардың іске асырылуы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуына оң серпін беріп отыр.
Мәселен, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бергі екі жылда аграрларға ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы өткізу көлемі 35%-ға өсті. Егер 2023 жылы 178 млрд теңгеге 7 710 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 269 млрд теңгеге 10,4 мың бірлік техниканы құрады.
Әсіресе, өздігінен жүретін техника бойынша өсім айқын байқалады. Былтыр аграршылар 4 249 трактор сатып алды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 50%-ға жоғары. 2023 жылы 2 846 трактор сатып алынған болатын. Комбайндар саны 807 бірлікке жетіп, 2023 жылғы 512 бірлікпен салыстырғанда 58%-ға артты.
Биыл да қарқыны жоғары. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша 286,5 млрд теңгеге 8 920 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 23%-ға жоғары.
Қаржылық құралдардың қолжетімді болуы машина-трактор паркін жаңартуға қолайлы жағдай жасап, заманауи техниканы сатып алу кезінде аграршылардың қаржылық жүктемесін азайтады.
Отандық өндірістің тағы бір артықшылығы – қосалқы бөлшектерді жеткізу және жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдерінің қысқаруы. Бұл, әсіресе, егіс және жинау науқандары кезінде аса маңызды. Құрамдас бөлшектерді ел ішінде өндіру халықаралық логистикаға тәуелділікті азайтып, шаруашылықтарды қажетті бөлшектермен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмысты Қазақстанның астық егетін өңірлерінде орналасқан тоғыз филиал мен 11 өкілдікті қамтитын AGROMASH сервистік инфрақұрылымы толықтырады. Өңірлік желі қосалқы бөлшектердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, мамандарды тікелей шаруашылықтарға жедел жіберуге мүмкіндік береді.
Осылайша, халықаралық серіктестікті кеңейту, өндірісті жергіліктендіруді тереңдету, өндірістік құзыреттерді дамыту, қолжетімді қаржыландыру және сервистік инфрақұрылымды жетілдіру Қазақстанда ауыл шаруашылығы машина жасау саласының толыққанды экожүйесін қалыптастыруға жол ашады.
АӨК үшін бұл заманауи техниканы таңдаудың кеңеюін, оған қызмет көрсету мерзімдерінің қысқаруын және жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыруды білдіреді. Ал ел экономикасы үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, жаңа технологияларды игеруге, білікті мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және қосымша өндірістік базаны қалыптастыруға жол ашады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи техникалардың қолжетімділігін арттыру және отандық машина жасау саласын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл бағыт АӨК-ті технологиялық жаңғыртудың және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың негізгі бағыттарының бірі.