Қазақстан ЕО-мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан ЕО-мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Астанада Еуропалық Одақтың BTSF (Better Training for Safer Food — «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үздік оқыту») бағдарламасы аясында азық-түлік пен жемшөп қауіпсіздігі, жануарлардың саулығы мен әл-ауқаты саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқу миссиясы өтуде.

Оқыту ветеринариялық қызмет, балық шаруашылығы саласының өкілдеріне, сондай-ақ бал және аквашаруашылық өнімдерін өндірушілерге арналған. Оның негізгі мақсаты – тиісті өнімдерді өндіруге, бақылауға және экспорттауға қойылатын Еуропалық Одақтың талаптарын түсіндіру.

Оқу миссиясын өткізу ЕО талаптарына сәйкес ұлттық ветеринариялық және санитариялық бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстың маңызды кезеңі деуге болады.

Атап айтқанда, оқыту қазақстандық бал мен аквашаруашылық өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына экспорттауға қажетті рұқсаттарды алу үшін тиісті жағдайларды қалыптастыруға ықпал етеді.

Оқытуға аудандық және облыстық аумақтық инспекциялардың, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, зертханалық қызметтердің, Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері, сондай-ақ бал және аквашаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысуда.

Бағдарлама аясында еуропалық сарапшылардың қатысуымен теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі.

Сонымен қатар Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бал және аквашаруашылық өнімдерін өндіру нысандарына бару жоспарланған. Қатысушылар өнімдердің қауіпсіздігін бақылау, ветеринариялық қадағалау, өндірістік процестер және өнімдердің қадағалануын қамтамасыз ету салаларындағы ЕО талаптарымен танысады.

Оқыту қазақстандық мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, еуропалық әріптестермен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру және отандық өнімдердің Еуропа нарығының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді.

BTSF бағдарламасы аясындағы оқу миссиясы Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын нығайтуға, азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және отандық бал мен аквашаруашылық өнімдерінің экспортын кеңейтуге қажетті жағдайлар жасауға ықпал етеді.