Қарағанды облысында жыл соңына дейін 70 модульдік ветеринариялық пункт салынады

Қарағанды облысында жыл соңына дейін 70 модульдік ветеринариялық пункт салынады

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайтуға, эпизоотиялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қолжетімді әрі сапалы ветеринариялық қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қарағанды облысында екі жыл ішінде ветеринариялық инфрақұрылымның 173 нысанын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде 70 заманауи модульдік ветеринариялық пункт жыл соңына дейін салынбақ.

Қазіргі уақытта облыстың 46 елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оның 20-сында модульдік нысандарды монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

Пайдалануға берілген алғашқы нысандардың бірі – Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылында орналасқан модульдік ветеринариялық пункт. Бұған дейін бұл елді мекенде мұндай инфрақұрылым болмаған.

Жаңа ветеринариялық пункт ауыл шаруашылығы жануарларына білікті ветеринариялық көмек көрсетуге және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық жабдықталған. Нысанда меңгеруші мен ветеринариялық санитар жұмыс істейді. Олар 202 жеке қосалқы шаруашылыққа қызмет көрсетеді.

Бұқар жырау ауданынан бөлек, облыстың басқа аудандарында да жаңа модульдік ветеринариялық пункттер пайда болады. Атап айтқанда, Нұра ауданында төрт, ал Осакаров ауданында тағы он нысан салу жоспарлануда.

Өңірлердегі ветеринариялық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту – елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың маңызды бағыты. Жобаларды іске асыру жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және оларға бақылау жүргізу жүйесін нығайтуға, ветеринария мамандары үшін заманауи еңбек жағдайларын жасауға, сондай-ақ мал иелерін уақтылы әрі білікті ветеринариялық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ветеринариялық қызметті дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте өңірлердің инфрақұрылымдық қажеттіліктері мен ауыл шаруашылығының ерекшеліктері ескеріледі.