
Жетісу облысында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс алқабы едәуір ұлғайтылды.
Аграршылар мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланып келеді. Негізгі тетіктерінің бірі – КДжЕЖ бағдарламасы бойынша жеңілдікті қаржыландыру. Сонымен қатар шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген шарттармен сатып алып, тұқым мен тыңайтқыш алу үшін мемлекеттік субсидияға жүгіне алады.
Биыл өңірде майлы дақылдар 106,6 мың гектар алқапқа егілді. Оның 34,6 мың гектарын күнбағыс алқабы құрайды.
Оның жарқын дәлелі Кербұлақ ауданындағы «Абыхан» шаруа қожалығының тәжірибесі. Бір жылдың ішінде шаруашылық күнбағыс егілетін алқап көлемін төрт есеге – 100 гектардан 400 гектарға дейін ұлғайтты.
Күнбағыс тәлімі «Суматра» және «Пионер» будандарын пайдалану арқылы өсіріледі. Өткен жылы бұл дақылды өсіру бойынша алғашқы тәжірибе жүргізіліп, гектарынан 2 тонна өнім алынды.
«Абыхан» шаруа қожалығы «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына белсенді қатысады.
«Жеңілдікті лизингтің арқасында қажетті техниканы алып жатырмыз. Әр жылдары КАМАЗ көліктерін, комбайндар мен МТЗ тракторларын алдық. Жақында К-700 тракторларын сатып алдық. Бүгінде шаруашылықта 115 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Сонымен қатар тұқым мен тыңайтқыш сатып алуға субсидия аламыз. Жалпы, мемлекеттік қолдаудың жүйелі түрде көрсетілуі бізге перспективалы дақылдарды игеріп, өндірістік әлеуетімізді кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді», – деді шаруа қожалықтың басшысы Серік Абыханов.
Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да дамып келеді. Майлы дақылдар өндірісінің ұлғаюы отандық кәсіпорындар үшін қосымша шикізат базасын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруден бастап, оларды өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді дамытуға жол ашады.
Облыста күнбағыс жинау науқанын қазан айында бастау жоспарланып отыр.
Жиналған өнімді отандық өңдеу кәсіпорындарына, оның ішінде Талдықорған қаласындағы «Агрокомплекс «Жетысу Мажико» серіктестігіне жіберу жоспарлануда.