
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қостанай облысына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар барысымен және өңірдегі ветеринариялық инфрақұрылым жағдайымен танысты.
Вице-министр Тобыл кентінде вице-министр «Қостанай бекіре» серіктестігіне барып, балық өсіру және қайта өңдеу кешенінің құрылыс барысын көрді. Жоба форель өсіру фермасын, қайта өңдеу цехын және тоңазытқыш қоймасын қамтиды.
Жобаға 965 млн теңге инвестиция салынады. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына 50 тоннаға дейін форель және өсімдікқоректі балық түрлерінің 2 млн-ға дейін біржаздық шабағын өсіреді. Қайта өңдеу цехының өндірістік қуаты тәулігіне 1 тонна балық өнімін құрайды.
Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Заречное ауылында тағы бір ірі жоба жүзеге асырылуда. Мұнда «Халық Агро KST» серіктестігіне сыйымдылығы 5,2 мың тонна көкөніс қоймасын салуда. Жобаның құны 1,2 млрд теңгені құрайды.
Жаңа нысан өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мүмкіндігін арттырып, өнім шығынын азайтуға және оны жыл бойы өткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында металл конструкцияларын монтаждау, ғимараттың қаңқасын тұрғызу және бетон құюға арналған негіздерді дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс сапарының маңызды бағыттарының бірі өңірдегі ветеринариялық инфрақұрылымның жай-күйімен танысу болды.
Аманғали Бердалин Үлкен Чураковка ауылында ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ветеринариялық қызмет көрсетуге қажетті жабдықтармен жарақтандырылған жаңа ветеринариялық пунктке барды.
Мал шаруашылығы субъектілерінің өкілдерімен кездесуде саланың өзекті мәселелері, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды базаны нығайту жөніндегі Кешенді жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды.
Осы іс-шаралар аясында өңірдегі сала өкілдерінің Ирландияға сапарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сапарға қатысушылар озық шаруашылықтардың жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен танысып, қолданылатын технологияларды зерделейді және ауыл шаруашылығы жануарларын іріктеу жұмыстарын жүргізеді.
Нысандарды аралау барысында Аманғали Бердалин заманауи өндірістік және ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Инвестициялық жобаларды жүйелі түрде сүйемелдеуге, жаңа өндірістік қуаттарды уақтылы іске қосуға және ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасау өте маңызды. Сонымен қатар ветеринариялық қызметті күшейтіп, асыл тұқымды базаны нығайту қажет. Өйткені дәл осы бағыттар мал шаруашылығының тұрақты дамуы мен тиімділігіне тікелей әсер етеді», – деді вице-министр.