
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Марат Қаженов Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптары конференциясының 17-сессиясы (UNCCD COP17) аясында ұйымдастырылған арнайы іс-шараға қатысты.
Халықаралық талқылаудың негізгі тақырыбы – шөлейттену, жердің тозуы және құрғақшылық мәселелерін шешудегі су ресурстарын басқарудың жаһандық тетіктерін жетілдіру. Қатысушылар су мен жер ресурстарының өзара байланысын, сондай-ақ оларды орнықты пайдаланудың кешенді тәсілдерін әзірлеу қажеттігін талқылады.
Іс-шара барысында Қазақстан орнықты табиғат пайдалану қағидаттарына, ғылыми негізделген шешімдерге және халықаралық ынтымақтастыққа сүйенетін жер және су ресурстарын басқару саласындағы ұлттық тәжірибесін таныстырды.
Өз сөзінде Марат Қаженов жер және су ресурстарының ажырамас байланысын атап өтіп, олардың жай-күйі азық-түлік, экологиялық және экономикалық қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін айта келіп:
«Су ресурстары тапшылығының күшеюі, климаттың өзгеруі және жердің тозу үдерістерінің өршуі жағдайында оларды ұтымды пайдалану мәселелері ұлттық және халықаралық деңгейде келісілген шешімдерді талап етеді», – деді.
Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл бастаманы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге, озық тәжірибемен алмасуға және жаһандық су проблемалары бойынша ортақ шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін тиімді халықаралық алаң қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп санайды.
Қазақстанның таныстырылымында 2026 жылы қабылданған «Топырақты қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да айпықша көңіл бөлінді. Бұл құжат топырақ жамылғысын жүйелі түрде сақтау, оның тозу үдерістерінің алдын алу және топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазақстан тарапы жерді орнықты пайдалану үшін заманауи топырақ қорғау технологияларын енгізу, ғылыми зерттеулер мен цифрлық мониторинг құралдарын дамыту, сондай-ақ білім мен практикалық тәжірибе алмасуды халықаралық деңгейде кеңейту қажет екенін атап өтті.
«Жерді сақтауды су қауіпсіздігі мәселесінен бөлек қарастыруға болмайды. Топырақтың тозуы, құрғақшылық және су тапшылығы – кешенді әрі үйлестірілген шешімдерді талап ететін өзара байланысты сын-қатерлер», – деді Марат Қаженов.
Қазақстанның маңызды іс-шараға қатысуы халықаралық қоғамдастыққа жер ресурстарын қорғау саласындағы ұлттық тәсілдері мен заңнамалық шешімдерін таныстыруға, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы ел басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар жердің тозуының алдын алу және құрғақшылықпен күресу жолындағы тәжірибелерімен алмасып, жер және су ресурстарын тиімді басқару үшін ғылыми әлеуетті, мемлекеттік тетіктерді және халықаралық әріптестікті біріктірудің маңыздылығына тоқталды.