
Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім өндіру жүйелі түрде дамып, шикізат базасы нығайтылып, отандық ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу ауқымы кеңейіп келеді. Оған жарқын мысалдың бірі жылдар бойы өндірістің толық циклін қалыптастырған, елімізге белгілі «Бижан» компаниясы. Онда жеке шикізат базасы, өңдеу, дайын өнім өндіру және қаптама шығару бағыттары толықтай қамтылған.
1998 жылы ашылған кәсіпорын бүгінде ет өнімдерін өндірудің негізгі кезеңдері – ірі қара малды бордақылау және шикізат дайындаудан бастап, етті өңдеу, қаптау және дайын өнім шығаруға дейін қолға алған.
Бір мезгілде 5 мың басқа дейін ірі қара малды бордақылауға арналған алаң бар. Жеке шикізат базасының арқасында өндірісті отандық шикізатпен қамтамасыз етумен қатар, оның сапасын бастапқы кезеңнен бақылауға мүмкіндік береді.
Өндірістік тізбектің тағы бір маңызды буыны – 2011 жылы құрылым қатарын толықтырған Көкшетау қаласындағы кешен. Мұнда шикізат дайындалады және консервіленген өнім өндіріледі.
Өндірістік инфрақұрылымның негізгі нысаны – Алматының индустриялық аймағында орналасқан, 2020 жылы іске қосылған заманауи ет өңдеу зауыты. Кәсіпорын неміс технологиялары негізінде салынған және еуропалық өндірістің заманауи жабдықтарымен, оның ішінде шикілей ысталған шұжықтарды дайындауға арналған ыстау және кептіру бағытындағы MAURER – ATMOS климаттық камераларымен жабдықталған.
Зауытта шұжық өнімдері мен таңдаулы ет өнімдері, жеңіл тіскебасар және жартылай дайын өнімдер шығарылады. Былтыр өндіріс көлемі 2 600 тоннадан асты. Мұнда шұжық өнімдері мен деликатестердің 80-нен астам түрі және жартылай дайын өнімдердің 50-ден астам түрі бар.
Сонымен қатар «Бижан» консервіленген өнімдер шығарып, өзінде дайындалған жаңа ет өнімдерін ұсынады.
2026 жылы компания «BiPack» кәсіпорнын құрып, өндірісті жергіліктендіру бағытында тағы бір қадам жасады.
Жаңа кәсіпорын консерві құтыларын өндіретін құралдармен жабдықталған.
Осылайша, компаниялар тобының құрамында шикізат базасын, ет дайындау және өңдеу, дайын өнім шығару және қаптама өндіру кезеңдерін қамтитын тұтас өндірістік тізбек қалыптасып келеді. Бұл өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға, әр кезеңдегі өнім сапасын бақылауға және өндірістік үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашады.
Компанияны дамытуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 5,4 млрд теңге. Іске асырылған жобалар аясында 250 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 104 жұмыс орны тікелей өндірісте ашылған.
Мұнда дәстүрлі қазақстандық өнім дайындау технологиялары мен азық-түлік өнімдерінің сапасына, қауіпсіздігіне қойылатын заманауи талаптар үйлесім тапқан.
Кәсіпорын ISO 9001, ISO 22000 стандарттары және «Халал» стандарты бойынша сертификатталған.
Өндірістік үдерістер тәуекелдерді талдау және бақылаудың сындарлы нүктелері жүйесінің (HACCP) қағидаттары ескеріле отырып бақыланады.
Компания өнімдерінің сапасы мемлекеттік деңгейде де мойындалған. Өткен жылы «Бижан» «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал 2018 жылы компания Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.
«Бижан» өнімдері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Қазақстанның басқа да өңірлерінде ұсынылған. Компания дамудың келесі кезеңінде фирмалық дүкендер желісін кеңейтуді және жақын шетел нарықтарына шығуды жоспарлап отыр.
Жеке шикізат базасын, заманауи өңдеу өндірістерін және қаптама өндірісін дамыту компанияға өнімді өңдеу тереңдігін және жергіліктендірілген операциялардың үлесін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар отандық тамақ өнеркәсібі үшін ел ішінде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын кеңейтеді және қазақстандық өндірістің одан әрі нығаюы мен сыртқы нарықтарға шығуына берік негіз қалайды.