Президенттің АӨК өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау: егін жинау науқаны өткен жылдан екі есе жылдам жүріп жатыр

Президенттің АӨК өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау: егін жинау науқаны өткен жылдан екі есе жылдам жүріп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет егін жинау науқанының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Қазіргі көрсеткіштер өнімділіктің артып, салада қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Мұндағы соңғы жылдардағы негізгі құрал агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға деген көзқарасты өзгерту болды, салада жекелеген іс-шараларды қаржыландырудан бастап бүкіл өндірістік циклды кешенді түрде қамтамасыз етуге назар аударылды.

Алдын ала қаржыландыру, ресурстарға жеңілдікпен қол жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемін ұлғайту, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу диқандарға маусымға уақтылы дайындалуға және егін жинау жұмыстарының жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Егін жинау қарқыны былтырғыдан екі есе жоғары - орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнер 

Жаппай егін жинау науқаны еліміздің барлық негізгі аграрлық аймақтарында 2026 жылдың 15 тамызында басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 2,6 млн гектардан дәнді дақылдар жиналды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,3 млн гектар болған еді.

17 тамыздағы мәлімет бойынша орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады.

Әртараптандыру шеңберінде бидайдың егістік алқаптары 875 мың гектарға қысқартылды. Соған қарамастан жалпы өнім көлемі өсіп келеді. Бұл әр гектардан алынатын өнімнің артып, қолданыстағы егістік алқаптардың тиімдірек пайдаланылып отырғанын көрсетеді.

Басқа да негізгі дақылдар бойынша бүгінгі таңда 513 мың тонна картоп, 1,1 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

АӨК-ті қаржыландыру үш жылда жеті еседен астам өсті

Қол жеткізілген көрсеткіштер аграрлық секторды мемлекеттік қолдауды дәйекті түрде күшейтудің нәтижесі болып отыр.

Үш жыл ішінде АӨК-ті қаржыландыру көлемі 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2025 жылы 1 трлн теңгеге дейін өсті.

Бұл ретте өндірістік циклдің алғашқы кезеңдерінде қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.  

Диқандар дала жұмыстарын алдын ала жоспарлауға және тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай мен техника сынды қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге және қажетті технологиялық операциялардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда технологияны сақтау саланың өнімділігін арттырудың негізгі резервтерінің біріне айналуда.

Соңғы екі жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге, яғни 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Осы жылы көрсеткішті 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде 2 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 1,9 млн тоннасы немесе жылдық жоспардың 83%-ы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жөнелтілді.

Тұқым қорының сапасын арттыру бойынша жұмыстар да жалғасуда. Элиталық тұқымдарды пайдалану үлесі 2023 жылғы 7,1%-дан қазіргі уақытта 11,6%-ға дейін өсті.

Сонымен бір мезгілде саланы техникалық қайта жарақтандыру шаралары да жеделдетілуде.

Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, 2026 жылы 350 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері бағдарлама аясында 256,3 млрд теңге сомасына 6 790 өтінім қаржыландырылып, 7 718 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетілді.

Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алды, ал машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 2024 жылғы 6%-дан 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген талдау шаруашылықтардың технологиялық қамтамасыз етілу деңгейі мен түпкілікті өнімділік арасындағы тұрақты байланысты көрсетеді. Агротехнологияларды сақтау және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету неғұрлым жоғары болса, өндіріс тиімділігі соғұрлым жоғары болады.

Осыған байланысты саланы одан әрі дамыту әр гектардан алынатын өнімділікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізуге бағытталады.

Астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тонна: инфрақұрылым жаңа өнімді қабылдауға дайын 

Жаңа өнімді қабылдауға қажетті инфрақұрылымның дайындығы алдын ала қамтамасыз етілді.

Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Оның 13,3 млн тоннасы жұмыс істеп тұрған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының, ал 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сақтау қуаттарына тиесілі.

Қазіргі уақытта республикада 189 жұмыс істеп тұрған астық қабылдау кәсіпорны бар.

Qoldau.kz порталының деректеріне сәйкес, лицензияланған астық қоймаларының жүктемесі 2,5 млн тоннаны, яғни 18%-ды құрайды. Бос сақтау көлемі 10,7 млн тонна.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында министрлік инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетеді. №21 «Астық қоймаларын салу және кеңейту» жобасының паспорты бойынша шығындарды өтеу мөлшері 25%-ды құрайды.

Келіп түсіп жатқан бидайдың сапасы да жоғары деңгейде сақталуда. Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 469,5 мың тонна астық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4 есеге жуық жоғары. Былтыр осы кезеңде қабылданған астық көлемі 120,5 мың тоннаны құраған.

Жаңа өнімнің сақтауға қабылданған жұмсақ бидайының 70%-ы 3-сыныпқа, 18%-ы 4-сыныпқа, ал 12%-ы 5-сыныпқа және сыныпқа жатпайтын бидайға тиесілі.

Егін жинау науқанының үздіксіз жүргізілуі шаруаларға дизель отынының тұрақты жеткізілуі арқылы қамтамасыз етілуде

Егін жинау науқанын өткізудің негізгі шарттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жанар-жағармай жеткізу кестесін қалыптастырды.

2026 жылы аграрлық секторға қарастырылған дизель отынының жалпы көлемі 803 мың тоннаны құрады. Оның 402 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, 401 мың тоннасы күзгі жұмыстарға бағытталды.

Операторлардың (оның ішінде тасымалдау) шығындарын ескере отырып, негізгі астық егетін өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 305–310 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан 10%-ға төмен (ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша жанармай құю стансаларындағы баға – 335–340 теңге/литр). Бүгінгі таңда дизель отынының 71 мың тоннасы тиелді.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін отынмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Егіс алқаптарын кеңейтудің орнына өнімділікті арттыру өсімнің негізгі факторына айналуда

Ағымдағы егін жинау науқаны аграрлық сектордың неғұрлым өнімді модельге көшуін көрсетеді: онда өндіріс көлемінің өсуі ең алдымен тиімділік пен өнімділікті арттыру есебінен қамтамасыз етіледі.

Егіс құрылымындағы өзгерістер саланың технологиялық жаңаруымен қатар жүріп жатыр. Тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемі артып, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Мемлекеттік қолдау өндірістік циклдің негізгі кезеңдерінің барлығын қамтиды – алдын ала қаржыландыру мен қажетті ресурстармен қамтамасыз етуден бастап, шаруашылықтарды жаңғыртуға және қажетті инфрақұрылымды дамытуға дейін.

Үкімет қабылдап жатқан шаралардың жүйелілігі қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, агроөнеркәсіптік кешен өнімділігін одан әрі арттыру үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Алдағы жұмыс аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге, жер және су ресурстарын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталады.

Бұл Мемлекет басшысының ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кезең-кезеңімен арттыруға, бәсекеге қабілетті, технологиялық әрі орнықты агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетіне сәйкес келеді.