
Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутпен кездесті.
Тараптар өзара сауда серпінін, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруды, асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малын импорттауды кеңейтуді, мал шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ астықты терең өңдеу және логистика салаларындағы перспективалы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
«АӨК өнімдерінің өзара саудасы жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 4 млрд АҚШ долларынан асты. Саудадағы оң динамика – біздің ведомстволардың үйлесімді жұмысының, туындаған мәселелерді жедел шешудің және өзара шектеулерді алып тастаудың нәтижесі. Бүгінде алдымызда қол жеткізілген сауда көлемінен неғұрлым терең өндірістік және технологиялық кооперацияға көшу міндеті тұр», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
2026 жылдың 5 айында АӨК өнімдерінің өзара сауда көлемі шамамен 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты сипатын көрсетеді.
Кездесудің негізгі бағыттарының бірі аграрлық ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. Тараптар бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды және екі елдің ғылыми мекемелері мен бейінді жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға да ерекше назар аударылды.
Айдарбек Сапаров ресейлік тарапқа астықты терең өңдеу саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мұндай жобаларды іске асыру сауда көлемін арттырып қана қоймай, шикізат жеткізуден бірлескен өңдеуге, жаңа өндірістер құруға және экспорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық аграрлық әріптестікті одан әрі нығайтуға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға және мал шаруашылығы, аграрлық ғылым мен білім беру, терең өңдеу және логистика салаларында нақты кооперациялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.