
Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі – өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегянмен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясында келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асырудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ аграрлық саладағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын одан әрі нығайту жөніндегі шараларды талқылады.
ЕАЭО аумағында тиісті халықаралық келісімді қабылдау арқылы органикалық өнімнің еркін айналымын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Талқылаудың жеке бағыты агроөнеркәсіптік кешенді қаржылық қолдау тетіктеріне арналды. ЕАЭО-ның келісілген агроөнеркәсіптік саясатының басымдықтарын ескере отырып, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Кездесу күн тәртібінде агроөнеркәсіптік кешендегі кооперациялық жобаларды іске асыру мәселесі де маңызды орын алды. Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейтуге, бірлескен жобаларды дамытуға және агроөнеркәсіптік салада тұрақты құн қалыптастыру тізбектерін құруға мүдделі.
Айдарбек Сапаров Одақ аясындағы практикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың және мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастамаларды іске асырудың маңызын атап өтті.
«Қазақстан үшін ЕАЭО аясында келісілген агроөнеркәсіптік саясатты одан әрі дамыту, өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және кооперацияны кеңейту маңызды. Органикалық өнімнің еркін айналымы үшін бірыңғай жағдайлар жасау және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін бірлескен жобаларды іске асырудың маңызы зор», – деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі бағыттар бойынша сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға және ЕАЭО аясындағы уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.