Қызылорда облысында қызанақты қайта өңдейтін зауыт салынады

Қызылорда облысында қызанақты қайта өңдейтін зауыт салынады

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын өндіретін кәсіпорын іске қосу жоспарлануда. «Alpecon Group» компаниясы кәсіпорынды жаңғыртып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге арналған заманауи өндіріс орындарын құруға 2,3 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр.

Жоба аясында «ATMO AGRO» ЖШС-нің өндірістік нысандарын сатып алып, технологиялық жабдықтарды жаңарту, өндірістік және қосалқы нысандарды жөндеу, сондай-ақ арнайы техника сатып алу жоспарлануда. Кәсіпорын жаңғыртылғаннан кейін тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдей алады.

Кәсіпорынды қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін инвестор қызанақ өсіруге арналған шамамен 2 300 гектар суармалы жерді игеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен шикізат сатып алу көзделген. Бұл ретте жоба қызанақты өсіру, оны қайта өңдеу және дайын өнім өндіруді біртұтас өндірістік жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі маңызы – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, олардың қосылған құнын арттыру.

Отандық қызанақ пастасын өндіру импортты алмастыруға және Қазақстанда өндірілетін өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.